ӘлеуметМәдениет

Мұқағалидың «ұлы» — Ойылдың жігіті

Қазақтың қара өлеңінің қасиетін ұғынған, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған «Мұқағали» көркем фильмі отандық кинотеатрларда 21 қазаннан бастап көрерменге жол тартты. Фильмнің режиссері ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» және «Құрмет» орденінің иегері Болат Қалымбетов. Режиссер Мұқағали көркем фильмінен бөлек «Талан», «Сардар», «Соңғы суық», «Айналайын» туындыларын жарыққа шығарған.
«2019 жылы «Мұқағали» фильмінің түсірілімі басталғаны туралы хабарланған болатын. Режиссер киноға қажетті Алматының сол кездегі қалпын табу оңайға соқпағанын айтады. Түсірілім тобы бүкіл Қазақстанды аралап, ақыр соңында Ескі Алматыны бейнелейтін, көшелер мен үйлері жақсы сақталған Өскемен қаласына тоқтаған. Одан бөлек түсірілім Алматы, Петербор қаласы мен Алматы облысында өткен. Басты рөлді жас актер Асланбек Жанбалаев сомдаған.
Жалпы фильм Мұқағали Мақатаевтың өмірінің соңғы 4-5 жылдарындағы кезеңдері туралы баяндайды. Фильмде кадрлар тез ауыспайды, шиеленіскен оқиға жоқ және диалог көп емес. Бұл жағынан түрлі-түсті, диалогы мен эмоцияға толы оқиғасы көп фильмдерге үйреніп қалған көрерменге тосын көрінуі мүмкін. Бірақ, ақынның мұңы, сол кездегі атмосфера, Мұқағали тағдыры арқылы шебер жеткізілген.
Фильмде Мұқағали ақынның Айбар атты баласының рөлін сомдаған Мейрамбек Сағынов Ойыл ауданының тумасы. Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының «Көркем фильм режиссурасы»,  Аманжол Айтуаров шеберханасы 5 курс студенті. Ол бұл рөлге аяқ астынан келген жоқ. Мейрамбек бұл кино алдында басқа да рөлдерді сомдап жүріп режиссер көзіне түскен. Сомдап жүрген рөлдерінің басым бөлігі қиындау, тағдыр тәлкегіне түскен жандардың образдары екенін тілге тиек етті.
«Мұқағалидың екінші ұлы Айбарды сомдадым. Ол арбаға таңылғаннан кейін рөлді сомдау қиынға соқты. Күз мезгілінде түсіргесін дала салқын, тоңғаннан аяғым дірілдеді. «Сен өзіңді алдағанмен, үлкен экранды алдай алмайсың» — деген режиссердан сөз естіп те үлгердім» — дейді кейіпкер.
«Түсірілім барысында жұмыста болғам. Жұмыстан сұрануға мүмкіндік болмаған соң орныма адам іздедім. Не дегенмен «Қазақфильм»күнде шақырып жатқан жоқ қой. Содан жұмыста бірге жасайтын адамдардың көбісіне өтіндім, келіспеді. Ақниет Шаймаданов деген жұмыстасым көмектесіп, мен болмаған күндері орыныма шығып берді. Ақниет болмаған да бұл фильмге түспеуші едім, үлкен көмегі тиді, осы орайды пайдаланып рахметімді білдіргім келеді».
Мейрамбек осыған дейін «Shymkent film festival-інде Мадияр Мұратұлы режиссерлік еткен «Шалаш» қысқаметражды фильмінде басты рөл, дүниежүзілік фестивальдардан Jaiyq film festival-да режиссері Дарина Манапованың «Бегство» фильмінде де басты рөлдерді сомдап, кинофестивальдарға қатысқан.
Мұқағали көркем фильмі Эстония астанасы Таллиндегі халықаралық кинофестивалде көрсетілетіні туралы қуанышты жаңалықпен де бөлісті. Және Мейрамбек ҚР Дарын жастар сыйлығының лауреаты болуға ұсынылған.
Алдағы уақытта жерлесімізге алар асулары мен жетер жетістіктері көп болсын! — дейміз.

Басқа жаңалықтар