Әлеумет
АУЫЛДЫ ҚОЛДАҒАН АЗАМАТ
Бізде «Атымтай жомарттардың» түр-түрі бар. Алайда алақайламай сауап үшін істеген қайырымдылығын үнсіз атқарған біз куә болған жігіттің ісі көпке үлгі. Өткен аптада игілікті істің куәсі болдық. Қайырымды жан Әлібек Айдарханұлы Қаратал ауылындағы үш отбасыға үш бұзаулы сиыр мен үш сауын сиырды сыйға тартыпты.
Ауылдықтар үшін мал күнкөріс көзі.
Сүтін сауып, өнімін сатып, көшін түзеп отыр.
Атымтай азаматқа, «Әй, бәрекелді!» деп сүйсініп қалдық…
Жыл басында Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева бастаған депутаттық топ Ойыл ауданына сапары барысында Қаратал ауылында тұрғындармен кездесуден соң, «Ауыл аманаты» бағадарламасымен несие алып, кәсібін жүргізіп отырған кәсіпкерлердің тауарларының көрмесімен танысады.
Соңында атаулы бағдарлама арқылы кәсіпкерлікке жаңа қадам басқан Ақгүл Әбіловадан облыстық мәслихаттың депутаты, «Ауыл» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Әлібек Базарғалиев
сәуірдің сары майын, құрт-ірімшігі мен тары сатып алады.
Көктемгі су тасқынынан кейінгі келген депутаттық топ құрамында болған Әлібек Айдарханұлы бар кәсібінен бір мезетте айырылған Ақгүл мен тағы екі отбасына сауын сиыр әкеліп беруді уәде еткен еді.
«Айтылған сөз- атылған оқпен тең» — деп білетін азамат Әлібек уәдесін ұстап, сөзінде тұрды.
Өткен аптада Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Кәмшат Төлеуова екеуі Қараталдағы үш отбасына алты сиыр апарып берді.
Екі сиырға еге болғанның бірі – Гүлшат Шадиярова күміс алқа иегері болса, Индира Айтқұлова алтын алқа иегері.
Алты сиырды жаңа егелеріне тапсырған азаматқа ауыл ағасы Саламат Шаңғала ақсақал ақ батасын берсе, аналар алғысын жаудырды. Айтпақшы, Атымтай азамат малы суға кетсе де, салы суға кетпеген Ақгүлдің жолдасы Мейірханға құлынды бие тарту етті.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.