Басты тақырып
СЕГІЗ ҮЙДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ НЕГЕ КЕШЕУІЛДЕП ЖАТЫР?
Қаратал ауылында көктемгі су тасқыны кезінде 210 үйге зақым келді. Қазіргі таңда, 18 баспанаға жөндеу жұмыстары жасалып, 66 отбасы екінші нарықтан өз қалауларымен үйлер сатып алды. Сонымен қоса, 38 қараталдық Ойыл ауданы орталығынан салынған жаңа қонысқа қоныстанды. Қараталдың басынан бой көтеріп жатқан 126 тұрғын үй және зардап шеккен әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарын бақылау мақсатында партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Ш.Берсиев атындағы ауылдық округтің орталығында болды.
Партияның назарын аудартқан құрылысы басталып, аяқсыз қалдырып кеткен 8 үйдің мәселесі болды.
«Күріштің арқасында күрмек су» ішедінің керін келтіріп, тасқын зардабынан онсыз да зәрезап болған тұрғындардың назасынан қорықпайтын «Jasa Company» секілді жосықсыз мердігерлер өз міндеттерін орындай алмай, ақыры тастай қашса, «Әлия жолдары» ЖШС-і жұмыстарын маңдыта алмай отыр.
Бұл келеңсіздік заңдылық тұрғысынан өз бағасын алар! Ал, күз иек артқанда қабырғасы қалқиып, жабусыз қалған үйлердің иелері қайда паналамақ!?
Осы шиеленісті мәселені дереу шешуді облыс басшылығы уақыт оздырмай өз бақылауына алды.
Қазіргі таңда, аяқсыз қалған 8 үйдің құрылысы қолға алынып, қайта жандана бастаған. Әйткенмен, сапа жағы сын көтермей тұр. Бақылау барысында анықталғандай, кей үйлердің қабырғаларына қаланған кірпіштер қисық өріліп, енді бірінің төбе жабындысы дұрыс салынбаған.
Аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың айтуы бойынша салынып жатқан 80 баспананың құрылысы аяқталып, қыркүйек айының 15-не иелеріне табысталмақ. Ал, құрылысы кешеуілдеп қалған 8 үй сәл кешігіңкіреп берілмек.
Бұдан кейін комиссия мүшелері күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектептің құрылыс жұмыстары барысын барып көрді. Су тасқынынан едәуір зардап шеккен білім ошағының жөндеу жұмысын «АктобеСтройЭксперт» ЖШС мердігер компаниясы қолға алған. Күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі 2024 жылдың 1 қарашасы деп көрсетілген.
Бұл жерде проблема жаңа оқу жылының басталуына орай мектептің жөндеу жұмыстарының толық бітпей қалуы болып отыр. Алайда, сабақтың кедергісіз басталуы үшін сынып бөлмелері дайындалып, жаңадан мектеп жабдықтары, заманауи құрылғылар, әр сыныпқа орналастыру үшін интерактивтік тақталар,т.б. әкелініп қойылды. Мердігер компания қалған жұмысты оқу процесіне кедергі келтірмей атқара бермек.
Осы жерде қараталдықтардың да пікірі екіге жарылды. Тұрғындардың басым көпшілігі балаларының қауіпсіздігін ойлап сабақты онлайн өткізуді талап етсе, енді бірі мектеп қабырғасында білім алғандарын қалады. Олай етпек үшін қалада уақытша тума-туыстарының үйлерінде жатқан балаларды алдырған күнде, түнде суып кететін, айналымға келмейтін «киіз үйдің» ішінде олардың жағдайлары не болмақ деп күйінді.
Осы орайда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Артур Әуезов пен Ойыл аудандық білім бөлімінің басшысы Светлана Қарабалина балалардың білім алуы үшін мүмкіндігінше барлық жағдайдың жасалатындығын айтып, облыс орталығында туыстарының үйілерінде тұрып жатқан балалар үшін мектептің құрылыс жұмыстары толық аяқталғанша қала мектептерінен білім ала тұруға жағдай туғызылатындығын жеткізді.
Қайткен күнде де суыққа ұрындырмай жоғарыда айтылған кемшіліктерді тез арада жоя отырып, проблемалық мәселелердің шешімін табу үшін аудан басшылығы нақты шаралар қабылдау қажет. Нәтижелі істерге қол жеткізу үшін ең бірінші ауызбіршілік, екінші жауапкершілікті күшейту керек!
Еркін ЖИЕНАЛИН.
«AMANAT» партиясы Ойыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы.