ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
АУДАН МЕКТЕПТЕРІНДЕ «АТА-АНАЛАРДЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚОЛДАУ» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Ата-ана мен мектептің қарым-қатынасы – ұрпақ тәрбиесінің қайнар бұлағы. Мектептегі тәрбие жұмысының нәтижелігінің бір ұшы ата-аналармен, қоғамдастық пен мектептің бірлескен әрекетінде. Мұғалім мен ата-ананың қарым-қатынасында негізгі рөлді педагог атқарады, өйткені тәрбие жұмысы – оның негізгі мамандығы.
Мұғалім ата-аналармен жұмыс істей жүріп, балаға, оның қылықтарына, оқудағы табыстары мен көзқарасына, тағы басқаларға баға беріп отырады. «Әділетті Қазақстан: адал ұрпақ, сапалы білім, табысты ұлт» атты білім қызметкерлерінің тамыз кеңесінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру ұйымдарында «Ұлттық тәрбие – ел болашағы» білім берудің тұжырымдамалық негіздері енгізіліп жатқанын атап өткен болатын.
Министрлік оқушылармен, ата-аналармен және қоғаммен идеологиялық жұмысты жандандыруға бағытталған 2023-2025 жылдарға арналған Бірыңғай білім беру бағдарламасын әзірледі. Барлық білім беру ұйымдарында ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары жұмыс істейтін болады. Олардың ең бірінші басымдығы – балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара әрекеттесуін күшейту, бала тәрбиесінде оң мәдениетті дамыту, — деген еді министр биылғы тамыз кеңесінде.
Өткен аптада Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінде ата-аналарды педагогикалық қолдау көрсету кабинеті ашылды. Кабинеттің ашылу салтанатына ата-аналар, мектептің ардагер ұстазы З.Молдашева, қамқоршылық кеңес төрағасы Б. Бекетаев, аудан әкімінің орынбасары М.Айдарбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы С. Меруенов, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы М. Бегалықызы, «AMANAT» партиясы Ойыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Е. Жиеналин, аудандық білім бөлімінің әдіскері А. Орақ қатынасты. Балалардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге ата-аналардың педагогикалық мәдениетін, психологиялық және әлеуметтік құзыретін дамытуды көздейтін кабинеттің ашылу салтанатында ата-ана-мектеп-оқушы үштік одақ жұмысы туралы айтылды.