Экономика
АЭС салынса, Балқаш көлінің суы азая ма?
Министрліктің ресми өкілі АЭС құрылысы үшін суды пайдалану Балқаш көліне айтарлықтай әсер етпейтінін айтады.
Егер АЭС Балқаш көлінің жанынан салынса, оның экологиялық әсері қандай, көлдің суы азайып кетпей ме? Дәл осы секілді сұрақтарды Aikyn.kz сайты ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне ресми сауал жолдап, қойған еді. Аталған сауалға ҚР СРИМ Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы Сәкен Әтел жауап берді.
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі халықтың атом электр станциясының (АЭС) құрылысы Балқаш көлінің деңгейіне және оның экологиялық жағдайына ықтимал әсері туралы алаңдап отырғанын түсінеді. Осыған байланысты төмендегі түсіндірмелер беріледі:
1. Су алу көлемі:
— Жүргізілген есептеулер бойынша, АЭС үшін суды пайдалану Балқаш көлінің деңгейіне айтарлықтай әсер етпейді. Пайдаланылатын су көлемі қауіпсіз нормалардан аспайды, бұл су қоймасының тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік береді.
2. Қайтарымсыз су шығындары:
– Беларусь АЭС (ВВЭР1200) жұмыс істеу тәжірибесі көрсеткендей, АЭС айналымды сумен қамтамасыз ету жүйелерінде бір блок бойынша жалпы су шығыны шамамен 153 460 м³/сағ құрайды, ал буланудан су жоғалту көлемі мұнаралы салқындатқыштар үшін 1 916 м³/сағ және шашыратқыш бассейндер үшін 98,5 м³/сағ құрайды. Реактордың номиналды қуатында 7 884 тиімді сағат/жыл жұмыс істеу кезінде бұл тиісінше жылына 15 105 744 м³ және 776 574 м³ болады. Бұл көлемдер біздің есептеулерімізде ескерілді және аймақтың су балансын бұзу қаупін тудырмайды.
3. Экологиялық жағдай:
— Атом электр станциясы заманауи тазарту жүйелерімен және қайталама су айналымымен жабдықталады, бұл қоршаған ортаға әсерді барынша азайтады. Судың сапасын қатаң бақылау және экологиялық стандарттардың сақталуы Балқаш көлі экожүйесін сақтауды қамтамасыз етеді.
4. Судың айналымдық жүйесі:
— АЭС жобасында жабық (айналымдық) су жабдықтау жүйесін қолдану көзделген, бұл суды бірнеше рет салқындату үшін пайдалануға мүмкіндік береді. Осы жүйе арқылы пайдаланылған суды су объектілеріне ағызу болмайды. Бұл тәсілдің арқасында су салқындату жүйесінде қолданылғаннан кейін қайта айналымға түседі және қоршаған ортаға жіберілмейді, осылайша су объектілеріне жүктемені айтарлықтай азайтады.
5. Мониторинг және бақылау:
— Министрлік су қоймасының деңгейі мен АЭС-тің су тұтыну көлемін үнемі бақылап отырады. Қажет болған жағдайда су ресурстарына теріс әсерді болдырмау үшін қосымша шаралар қабылданады.
6. Су деңгейін ұстап тұруға арналған қосымша шаралар:
— 2024 жылы қолайлы гидрологиялық жағдайдың арқасында Балқаш көліне жіберілетін су көлемі ұлғайтылды, және жыл басынан бері көлге 12 миллиард текше метрден астам су келді – бұл судың оңтайлы деңгейін сақтау үшін қажетті көлем. Судың тасқын кезеңі аяқталғаннан кейін Балқаш көлінің деңгейі 2024 жылдың басымен салыстырғанда 23 см-ге көтерілді.
Барлық нормалар мен стандарттарды сақтай отырып, атом электр станциясын салу мен пайдалану Балқаш көлінің таяздануына және оның экологиялық жағдайына зиян келтірмейді.