Білім

ТӘРБИЕ ТӘЛІМНЕН БАСТАЛСА…

Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде «Баланың бас ұстазы ата-анасы» атты жалпы ата-аналар жиналысы өтті. Балалар құқығын қорғау және олардың қауіпсіз ортада өмір сүруін қамтамасыз етуді мақсат тұтқан жиынға аудан әкімі Асқар Қазыбаев, аудан прокуроры Ақеділ Үсенов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Ардақ Қангелдин, аудандық аурухананың бас дәрігері Сәндібек Нұрбаевтар қатысып, ойларын ортаға салды. Алдымен “Жаңа оқу жылындағы оқушылардың тәрбиелеудің бірыңғай жүйесі туралы” аудандық білім бөлімінің бала құқығын қорғау бойынша бас маманы Гүлзат Жеткергенқызы баяндаса, «Кәмелетке толмаған оқушылардың құқықтарының қорғалуы» жайлы аудан прокуроры Ақеділ Үсенов баяндама жасады.
Аудандық полиция бөлімінің бастығы Ардақ Қангелдин «Кәмелетке толмағандардың арасындағы құқықбұзушылықтың алдын-алу жұмыстары мен қазіргі ахуал туралы» айтып, соңғы кездері белең алған кибербуллингтің алдын-алу мақсатында ата-аналар назарына бірнеше бейнеролик ұсынды.
Аудандық аурухананың бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев бүгінгі таңдағы балалар арасындағы аурушаңдық туралы мәліметтерді ұсынса, дәрігер-гинеколог Жазира Садуақасова мен эпидемиолог Жұлдыз Молдашқалиқызы қазіргі кездегі жасөспірімдер мен балалар арасында қауіпті індеттерге жол бермеу үшін оның алдын-алу мақсатындағы ағарту жұмыстары туралы, сонымен қатар вакциналардың тиімділігі туралы түсіндірді.
Ата-аналар тарапынан бүгінгі күнгі өзекті мәселелерге орай бірнеше сауалдар қойылып, сала мамандары мен аудан басшысы жауап берді.

Басқа жаңалықтар