ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпБілімДенсаулықМәдениетРухани жаңғыруСпортСұхбатЭкономика

«ҰСТАЗ — МӘҢГІ НҰРДЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ»

«Ұстаз» деген ұлы есімді ардақ тұтқан әрбір жан үшін оның орны ерек. Өйткені, балғын шақтан білім нәрімен сусындатып, ертеңгі күніңе шуақ нұрын төгетін де солар. Мұғалімге көрсетілетін құрмет пен ізет ешқашан толастаған емес. Қазан айының алғашқы жексенбісінде тойланатын ұстаздардың кәсіби мерекесіне арналған мерекелік шара дәстүрлі мерекелердің бірі. Ұрпақтың ұлы мұраты жолында талмай еңбек етіп жүрген ұстаздардың төл мерекесіне арналған салтанатты шара өткен сәрсенбі мәдениет үйінде аталып өтті.
Алғаш болып сөз алған аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы барлық ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап,
«Ұстаз деген ұлы есімді ардақтап, өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Тәуелсіз еліміздің болашағы жас ұрпақтың қолында десек, жас ұрпақтың азамат болып қалыптасуына ұстаздар қауымының еңбегі өлшеусіз екені сөзсіз.  Бүгінге мереке — ерекше мереке. Баршаңызды мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Біз сіздерге бас иесіп, әрқашан құрмет көрсетеміз», —  деп, білім беру саласындағы тынымсыз шығармашылық еңбегі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі қол жеткізген табыстары үшін облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасын» бірқатар мұғалімге табыстады. Және өз атынан да бірнеше мұғалімге Құрмет грамотасы және шипажайға жолдама ұсынды. Одан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы Серік Меруенов ұстаздық қызметте жоғары жетістіктерге қол жеткізген педагогтарға Алғыс хатын табыстады.
Келесі кезекте мерекелік құттықтауын жеткізген ардагер ұстаз Мақсот Жабасов бүгінгі ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім берудегі еңбектеріне сәттілік тіледі.
Ұстаздық жол қашанда ізденіспен, шыдамдылықпен қатар биік пайым-парасатымен өрнектеледі. Бүгінгі таңда оларға қойылатын талап та жоғары, алайда педагог мәртебесін айқындайтын заң аясында ұстаздар қауымы әркез қолдауға ие болып, қол жеткізген табыстары үшін лайықты бағасын алып келеді. Осы орайда білім беру қызметкерлерінің кәсіподағы ұйымының тарапынан көрсетілетін қолдаудың орын бөлек екендігі баршамызға аян. Ойыл аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподағының төрайымы Гүлмира Избағамбетова   Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Құрмет грамотасын 3 мұғалімге және осы саланың облыстық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасын 7 мұғалімге тапсырды.
Одан кейін мерекелік шараның төрінен орын алған ардагер ұстаздарға сый-құрмет көрсетілді. Жиынның соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласып, ұстаздар қауымына ән мен жырдан шашу шашылды.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар