МәдениетРухани жаңғыру

«МЫҚТЫ ОТБАСЫ- МЫҚТЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ КЕПІЛІ»

Отбасы күні мерекесіне орай өткен бейсенбі «Мықты отбасы- мықты мемлекеттің кепілі» атты мерейтой иелерін құттықтау кеші өтті. Ауданымызда сенім мен сыйластығы ұялаған отбасылар мен ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып отырған өнегелі, өнерлі, бір салада еңбек етіп жүрген отбасыларымен, қоғамдық жұмысқа белсене араласып, ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосып жүрген аталарымыз бен әжелеріміз және отасқан мерейтой иелері бас қосты.

Кеш барысында үлкен әулеттің әке мен аналары жас отбасыларға өмір жолдарынан сыр ақтарып, өнегелі сұхбат өрбітті. Отбасын нығайту мен дәстүрлерді сақтау- мемлекетіміздің құнды кепілі. Сондықтан біз отбасы мерейін үстем етіп, құндылығын арттыруымыз қажет. Ұлтын, мемлекетін сүйетін ұрпақ тәрбиелейтін отбасы егеменді еліміздің болашағын биікке көтеруге атсалысады. Еңбек жолында қызметте жүріп, бірге өсіп өркендеп келе жатқан бірқатар жас отбасылар жұптық вальстерін биледі. Ауданымыздың мәдениет үйінің отбасылық өнерпаздары әсем әуендерін жиналған жұртқа тарту етті.
Отанымыздың түп тамыры отбасын дәріптеуге, насихаттауға қосқан үлесі үшін 5,10,15,20,25,30,35,40,45,50,55,64 жыл отасқан мерейтой иелеріне аудан әкімі Асқар Қазыбаев құттықтау хаттарын табыстап, мерекелік құттықтау сөз сөйледі.
Мерекелік шараның ерекшелігі отау құрғандарына 50 жыл толған «Алтын той» иелері Аманғосовтар отбасына, 25 жыл толған «Күміс той» иелері Арыстановтар мен Әділхановтар отбасыларына салтанатты түрде мерейтойлық неке куәліктері арнайы рәсіммен табысталып, мерекелік шараның көркін келтірді.
Сонымен қатар «Алтын той» иелері Аманғосовтар отбасына аудандық мәслихат төрағасы Сәкен Займолдиннің құттықтау хаты мен естелік сыйлықтары табысталса, 25 жыл отасқан «Күміс той» иелері Арыстанов және Әділхановтар отбасыларына «AMANAT» партиясы Ойыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркін Жиеналиннің құттықтау хаты мен естелік сыйлықтары табысталды.

Басқа жаңалықтар