ӘлеуметБасты тақырыпМәдениет

Ерлікке тағзым – ұрпаққа парыз!

Әлемнің назарын аударып, талайлардың жүрегіне жара салған Ұлы Отан соғысының дертін уақыт емдегенмен арада 73 жыл өтсе де, Отан үшін от кешкендердің есімі ұмытылмақ емес. Ұрпаққа ерліктерін, отансүйгіштігін өз істерімен дәлелдеп, патриоттық тәрбиесін берік орнатып кеткен соғыс құрбандарын еске алу жыл сайын қайталанып келеді. Ауданымызда сұрапыл соғыстың ортасынан аман қайтып, еңбек майданында тағы да көзге түсіп мықтылығын мойындатқан ардагерлер  қалмаса да, олардың әруақтарына құрмет қашанда жоғары.

 

 

 

9 мамыр күні  Ұлы Жеңістің 73 жылдық мерекесіне орай салтанатты шара Ойыл қазақ орта мектебінің жанындағы 1941-45 жылдары Ұлы Отан соғысының құрбандарына арналған ескерткішке тағзым етуден басталды. Әр мекеме өздері дайындаған гүл шоқтарын қойып, үнсіздікпен еске алды. Салтанатты шарада аудан әкімі Дастан Сағыров барша жұртшылықты 9 мамыр Ұлы жеңіс мерекесімен құттықтау сөзінде: «Құрметті жерлестер! Өскелең ұрпақ ешқашан ұмытпас соғыс ардагерлеріне деген құрмет жыл сайын жалғаса бермек. Олар бізге бейбіт күн сыйлап кетті. Ендігі ұрпақтарымыз ондай сұмдықты, қиындықты көрмесін, еліміз тыныш болсын! Сіздерді бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын!» — деді.

 

 

 

 

Одан кейін тыл ардагерлері Ахметкерей Қожиев пен Анна Караевалар соғыстан кейінгі елдің тұрмысы, салған жарасы, ардагер ағаларының өмірі жайлы естеліктерін айтты.

 

 

 

 

 

Еңбек майданында да, соғыс майданында да батыр атанған ардагер аталарымыз жайлы жас буын біліп жүруі керек. Осы орайда батыр ардагерлердің өмірбаяндары мен ерлік істері, бейбіт күндегі еңбектері туралы айтылды. Мерекелік шеру «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы орталық саябаққа дейін жалғасты. Онда мерекеге орай ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, үлкендер далалық асханадан дәм татты. Мерекелік шараның соңы патриоттық әндермен көркемделген концерттік бағдарламаға ұласты. Аудандық мәдениет және демалыс орталығында тыл ардагерлері мен ауған соғысы ардагерлері және Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің  жұбайларына арналған мерекелік дастархан жайылды. Түскі ас үстінде үлкендер өздерінің естеліктерімен бөлісіп, өздеріне мерекеде арнайы көңіл бөлген аудан басшыларына ризашылығын білдірді.

P.S. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында аудан әкімі Дастан Сағыров бастаған ауданның бірқатар мекеме басшылары тыл еңбеккерлері Көздібаев Раxым атай мен Ершова Антонина әжейді айтулы мерекемен құттықтап барып, қарттарды қуантты.

Басқа жаңалықтар