МәдениетРухани жаңғыру

«ЕҢБЕК МАЙТАЛМАНЫ» — СҮЙЕСІН ТІЛЕУМАҒАМБЕТҰЛЫ

Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Сүйесін Тілеумағамбетұлының туғанына 130 жыл толуына орай аудандық өнер және өлке тарихы музейі «Еңбек майталманы» атты тарихи-танымдық кеш өткізді.

«Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында өткен кештің шымылдығын аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы ашты.
— Соғыс жылдарында және одан кейінгі алмағайып заманда елді қиындықтан шығу жолында аянбай еңбек еткен азамат Сүйесін атамыз. Күнкөрісі малға қараған Қараой ауылын өркендетуге өзінің ұйымдастырушылық пен еңбекқорлығының арқасында елге еңбегі сіңді. Талай таңды ат үстінде атырып, дамыл таппай маңдай терін сыпырып жүріп елге қызмет етті. Атамыздың еңбек жолы бүгінгі жастарға үлгі -, деді Асқар Қазыбаев.
Шығармашылық кешке Сүйесін атамыз, Демеу атамыз, Еңсеген атамыздың балалары, немере-шөберелері қатысып атамыздың өрелі өмір жолдарынан сыр шертіп, естеліктерімен бөлісті.
Ата даңқын, туыс даңқын жоғары ұстап, алдыңғы ағаның ізін жалғастыру – ізгілік пен кішіпейілдіктің көрінісі. Аға буын салған сара жолды ауыл шаруашылығында жалғастырған бауыры Қамидолла Еңсегенұлы. Сүйесін атамыздың ізбасары болған бауыры бірқатар естеліктермен бөлісіп, атамыздың ашық-жарқын мінезі мен кісілігін, халық алдындағы абырой, беделі жөнінде айтып өтті. Танымдық кеште ата жолын жалғаушы немерелері әннен шашу шашып, Сүйесін атамыздың рухына құрмет көрсетті.

Басқа жаңалықтар