БілімМәдениет

  Әлімжанның алғашқы асуы

Балалар кітапханасы – мектеп жасындағы балалардың шығармашылығын қолдау әрі дамыту орталығы болып келеді. Осы орайда Ойыл балалар кітапханасы өз алдына қойған ірі мақсаттарының бірі - жас балғындардың бойындағы қабілетті ояту, олардың талантын ұштауды көздейді. Облыстық Н.Байғанин атындағы балалар кітапханасының ұсынуымен  жыл ішінде бірнеше байқау және оқу марафоны қолға алынған-ды.

Жақында дәстүрлі «Ақтөбе-жыр құшағында» байқауы ұйымдастырылып, оған ауданымыздың 10-15  жас аралығындағы  балалары қатынасты. Тақырыбы — Туған жер және Астананың 20 жылдығын қамтыды. Осы байқауға қатысып бірнеше өлеңін ұсынған  Ақкемер ауылы Жамбыл мектеп балабақшасының 5 сынып оқушысы  Әлімжан Базар жүлделі екінші орынмен оралды. Бұл жеңіс ойылдықтардың көптен күткен жеңісі еді. Әділқазы алқасы — өлеңнің жілігін шағып, майын ішкен елімізге танымал қаламгерлерден тұратын бұл байқаудан топ жару, тек таланттының ғана үлесі болса керек. Әлімжан әдебиетке ынталы бала болып шықты, оған өз анасы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалимасы болып қызмет атқаратын Әйгерімнің де әсері болуы керек. Балаң қаламгердің аяқ алысы жаман емес. Кішкентай талапкердің намысын жанып, қасында шашбауын көтеріп  байқауға барып келген ауыл кітапханашысы Лаззат Жоланқызының да, талапкер шыңдаудағы еңбегін атап өткім келеді. «Жас жүрек жайып саусағын, талпынған шығар айға алыс» демекші, Әлімжанның   алғашқы асуына барша әдебиет сүйер қауым қуана қол соқты.

Гүлайым АМАНЖОЛҚЫЗЫ,

Балалар кітапханасының аға кітапханашысы.

Басқа жаңалықтар