Басты тақырыпЭкономика
ИТАЛИЯЛЫҚ ИНВЕСТОРЛАР ШЫҒАНАҚ БЕРСИЕВ МЕКТЕБІНЕ КӨМЕК КӨРСЕТТІ
Eni SpA компаниясына тиесілі Plenitude еншілес компаниясы — «Arm Wind» ЖШС су тасқынынан зардап шеккен Ойыл ауданының Қаратал ауылындағы мектепке материалдық қолдау көрсетті.
Атап айтқанда, білім ордасына олар IT-жабдықтарды сатып алып берді. Мұндай инвестиция ауылдағы білім сапасын арттырып қана қоймай, оқушыларды заманауи технологиялармен қамтамасыз етеді.
Мектепті заманауи жабдықтармен қамтығаны туралы «Arm Wind» ЖШС бас директоры Федерико Пульезе Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровпен кездесу барысында айтты.
Федерико Пульезе өз кезегінде ынтымақтастықты жалғастыруға сенім артып, іскерлік қатынастарды нығайту мен бірлескен жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Көктемде тыныш ұйқыдан айырып, біраз әбігерге салған тасқыннан қалған үрей мемлекет тарапынан жасалған мақсатты әрекеттер мен жомарт жандардың арқасында сирей бастағаны рас.
Қаратал ауылында күрделі жөндеуден өткен Ш.Берсиев атындағы орта мектеп 1 қыркүйектен бастап оқушыларды жап-жарық, жаңа мектепте қабылдаған болатын.
Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды жүзеге асыратын Eni Plenitude компаниясының еншілес ұйымы болып табылатын “Arm Wind” ЖШС құны 100 млн. тұратын оқуға қажетті IT-құрылғыларын 10 қазан күні компания басшысы Федерико Пульезе өз командасымен және облыстық білім басшысы Жайық Исаұлымен Қаратал ауылына барып ресми табыс етті.
Кәсіпкерге басқарма басшысы, аудан әкімі, мектеп ұжымы мен оқушылары алғысын білдірді.