ӘкімдікБасты тақырыпЭкономика

ҚАРАТАЛДАҒЫ МЕРЕКЕ

Ауданда көктемгі су тасқыны салдарын қалпына келтіру жұмыстары аяқталған жоқ. Дегенмен, халықтың көңілі орныға бастағанына Қаратал селосындағы мерекелік шарада көзіміз жетті. Ағын судың арнасына таяу тұрған Қаратал ауылы ала жаздай үлкен құрылыс алаңы болды.

Тұрғын үйлерді салудан бұрын тасқынның салдарын жою жұмыстары ұзаққа созылғаны жасырын емес.
Мемлекет тұрғын үйін салып берді.
Құрылысшылармен жағаласып, қора-қопсысын реттеген тұрғындар мал азығын да жинақтап алды.
Тұрғын үйлердің алды пайдалануға беріле бастағанда-ақ көңілдері бірлене бастаған қараталдықтардың қуанышын бүгінгі мереке көрдік. Өйткені, кеше кешеуілдеп болса да, ауылға көгілдір отын құбыры қосылды.
Шығанақ Берсиев атындағы мектепте өткен шараның шымылдығы ауыл мұғалімдері мен оқушылардың Әнұранды орындауымен ашылды. Тұрғындарды мемлекетіміздің басты мерекесі – Республика күнімен құттықтаған аудан әкімі Асқар Қазыбаев «Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен» бір топ азаматқа алғыс хатын ұсынды.
Қаратал ауылы үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан игіліктер мен алдағы жоспарларды жеткізді.
Яғни, бүгінгі күні ауылда 60 орындық балабақша бой көтерсе, келер жылы 150 орындық ауыл клубы мен кітапхана салынады.
Туған жерлерін қалпына келтіруде жұдырық болып жұмылған халыққа жүрек жарды лебізін айтты.
Аудандық мәдениет үйінің көркем өнерпаздарының күшімен дайындалған концертке ауылдың өнерлі жастары да атсалысып, жерлестеріне ән мен жырдан шашу шашты. Мерекелік шараның соңында ауыл ағасы, еңбек ардагері Ерсұлтан Максимов ел азаматтарына ауылдастарының алғысын жеткізді.

 

Басқа жаңалықтар