ӘкімдікБасты тақырып

Барқынға бұрғы түспейтін болды

Елбасының соңғы Жолдауына байланысты бүгін аудандық мәдениет үйінде актив жиналысы болды. Аудан әкімі қатынасқан жиынды аудандық мәслихат хатшысы Берік Бисекенов жүргізді.

«Елбасының жолдауында айтылған әрбір сөз  жанымызға жылы ұялады. Аты айтып тұрғандай халықтың табысын өсіріп, тұрмыс сапасын арттыруға тағы мүмкіндіктер берілді. Ең төменгі жалақы бір жарым есеге өсті.  Мұндай жалақы алатын жандар бізде көп болғандықтан біз үшін орасан зор көмек.» деген аудан басшысы Дастан Жарылқасынұлы   бесінші қазан күні болған Президент Жолдауындағы әр тақырыпқа талдау жасап, біздің ауданға тікелей қатысы бар мәселелерге  тоқталып кеңінен түсіндірді. Әсіресе медицина қызметкерлері, мұғалімдердің мәртебесі,  ішкі істер органдарына деген құрмет  жылы көзқарасты қалыптастырары анық.  Жолдауға байланысты әркім өз ойын пікірін ашық айтты. Еңбек ардагері Бөкен Жантолы өткен Жолдауларға шолу жасап, ондағы істелген көлемді жұмыстарды салыстыра отырып жан басына шаққандағы табыстың айтарлықтай өскенін айтып, Жолдауды халыққа түсіндіруде және онда қойылған міндеттерді орындауды ұйымдастыруға аудан басшысына сәттілік тіледі.

Одан кейін сөз алған аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері Нұрлан Мұқашев елге қапысыз қызмет ететін полицейлер адамның досы екенін, елдегі тәртіп пен әділдіктің берік тұруы үшін қоғамға ерен еңбегін сіңіріп келе жатқан әріптестерінің жұмысына табыс тілесе, Елбасының жалақыны өсіруін үлкен құрмет деп білетінін жеткізді.

Жас кәсіпкер Жанна Нұрқасова өзінің үкіметтің жеңілдетілген несиесі арқылы кәсібін бастап отырғанын, қолдау бар жерде болашақ кәсіпкер жастардың еш жүрексінбей мүмкіндіктерді пайдалана алса жақсы нәтиже шығарын айтты. Жас маман Айнагүл Өтенова болса Елбасымыздың жастарға үлкен үміт артып , алдағы жылды жастарға арнағанын үлкен сый деп қабылдағаны жайлы өз ойын білдірді. Жас ұстаз Қымбат Имағанбетова мұғалімдердің мәртебесі мен мерейін өсіріп, артық жұмыстардан босатып жалақыларын көтеруін  ұстаздар мерекесіне тамаша тарту болғанын жасырмады.

Жиында аудан әкімі Жолдаудан туындаған мәселелер бойынша ауданымызда жасалатын жұмыстардың жайын хабардар етті. Сонымен қатар ағымдағы қоғамдық проблемаларға қатысты жайттарды баяндады.

Аудан әкімінің айтуынша  188 адам үй кезегінде тұр.  Тұрғын үй алдымен тек қана жетім жесірлер мен тұрмысы айтарлықтай төмен отбасыларға тиесілі. Ал жас қызметкерлерге үкіметтен үй күтудің қажеті жоқтығын кесіп айтты. Себебі жалдамалы пәтерлердің бағасы өсті. Ең тиімдісі жер телімін алып өзіне баспана тұрғызуға тырысу.

Одан кейін көптің көңілін күпті қылған  Барқынға біржола нүкте қойылды.   Аудан әкімі бұған облыс басшысының зор беделінің арқасында халықтың пайдасына шешілгенін жеткізді.

«Облыс әкімі Бердібек Машбекұлының тікелей қадағалап, араласуымен, барлық тиісті мекемелердің қатысуымен, жергілікті бұқараның мұң мұқтажын ескере отырып тұщы су қоры бар Барқын құмына бұрғы түспейтін болды» деп қортындылады.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар