МәдениетРухани жаңғыру
МЕРЕЙЛІ СӘТ – МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ
Осыдан тура 34 жыл бұрын 25 қазан күні Жоғарғы Кеңестің №307 қаулысымен Қазақстанның декларациясы қабылданып, Тәуелсіздікке нық қадам жасалды.
Қазақстанды бүгінде әлем жұртшылығы нарықтық экономикалы – демократиялық ел ретінде таниды. Елімізде халықтар достығы жақсы сақталып келеді.
Қазір Қазақстан – көп елдермен терезесі тең, елдік рәміздері анық, мәртебесі беделді мемлекет. Ұлттық мерекеге орай аудандық мәдениет үйінде «Қазақтан – туған елім, ұлы өлкем» атты салтанатты шара өтті. Жұртшылықты аудан әкімі Асқар Қазыбаев құттықтап, Қазақстанның Тәуелсіздігін нығайтуға, еліміздің қоғамдық-саяси тұрақтылығын сақтауға, Ақтөбе өңірінің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі мен игі қызметі үшін бірнеше азаматқа Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың алғыс хатын табыстады.
Одан кейін Ойыл аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Ақмарал Есбатыроваға «Ойыл ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалін табыстады. Сонымен қатар, 25 қазан – Республика күніне орай бір топ азаматқа өз атынан алғыс хатын ұсынса, аудандық мәслихат төрағасы Сәкен Займолдин көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау білдіріп, материалдық жағынан көмек көрсеткені үшін «ВF. ЭлитҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сәбит Кендебаевқа жылы лебізімен алғыс хатын табыстады.
Салтанатты сәттің соңында аудан әкімі Республика күні мерекесіне орай ауданның білім саласында талмай еңбек етіп, қазіргі таңда зейнеткерлікке жетіп, еңбегінің жемісін көріп отырған Халықтық «Ақ әже» ансамблінің мүшесі Роза Қитановаға 70 жас мерейтойына орай құттықтау хаты мен сый-сияпатын ұсынды.
Сондай-ақ, Құмжарған ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлшара Бисеноваға «Қазақстанның Құрметті Кітапханашысы» төсбелгісін табыстады. Мерейлі сәт мерекелік концертке ұласты.