Экономика

Жолдау-2024: Ақтөбеде «Бақытты отбасы орталығы» ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет…. Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс»,- деп атап өтті.

Алтын орда шағын ауданында екі жыл бұрын Отбасын қолдау орталығының алғашқы ғимараты ашылған болатын.

ҚР Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында Ақтөбенің 70 мыңға жуық халқы бар Есет батыр тұрғын алабында Отбасын қолдау орталығы ашылды. Аталмыш орталықтың алғашқы ғимараты Алтын орда шағын ауданында екі жыл бұрын ашылған болатын.   Жаңа филиалда психологиялық, заңгерлік көмек және әртүрлі курстарға оқытады. Сонымен қатар мұнда әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, дағдарыс орталықтарын қолдау сияқты маңызды әлеуметтік жобалар жүзеге асырылады.

Аумағы 670 шаршы метр болатын жаңа орталық заманауи сұраныстарға сәйкес барынша жабдықталып жатыр. Бұл орталық әлеуметтік қолдауға мұқтаж, өмірде қиындыққа тап болған жандар үшін жан-жақты көмек көрсетеді. Орталықта мамандығы жоқтарға тігін, қолөнер, массаж, кондитер, шаштараз курстары тегін. Аяқтаған соң сертификат беріледі.

Айта кетейік, алғашқы орталықтың екі жылдық қызметі нәтижесінде бұл мекеме көп балалы отбасыларға, жалпы қоғамға қажет екені айқын болды. Ол жерде екі жылда әртүрлі проблемаларымен жүгінген 10 мыңға жуық адамға қолдау көрсетілді. Мың адам мамандық алып шыққан.

Жаңа ашылып жатқан орталық та отбасылық құндылықтарды арттыруға бағытталған мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда үлкен рөл атқаратыны сөзсіз.

Басқа жаңалықтар