ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпДенсаулықМәдениетРухани жаңғыруЭкономика

“БАПҚА ШЫҒАТЫН” ДАҚЫЛДЫҢ БАҒЫ ЖАНҒАН КҮН

БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫНЫҢ БАС АССАМБЛЕЯСЫ 2023 ЖЫЛДЫ “ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАРЫ ЖЫЛЫ” ДЕП ЖАРИЯЛАУЫНА ОРАЙ “ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНДАҒЫ ЖАҢҒЫРҒАН КӨКЖАР ЖӘРМЕҢКЕСІ” АЯСЫНДАҒЫ “ТАРЫ-FEST” РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЭТНОФЕСТИВАЛІ ӨТКЕН АПТАДА АУДАНДА АЛҒАШ РЕТ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТТІ.

Этнофестиваль алдымен аудандық мәдениет үйінде “Қазақ даласындағы Көкжар. Әлем. Тарих. Тары” ғылыми-танымдық конференциясымен басталды. Келіндеріміз шараға жиылған қонақтарға иіліп сәлем беріп, қарсы алды.

Конференцияға Шығанақ Берсиевтің ұрпақтары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен тарихшылар, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері мен диқаншылар, Атырау және Батыс Қазақстан, Ақтөбе облысынан келген қонақтар қатысты.


Алғаш сөз алған Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова өз құттықтауын жеткізіп, ұйымдастырылып отқан шара әр отбасының берекесіне айналған тарының тағамдық мәртебесін көтеріп, тары өнімінің маңызын жеткізу.

“Дала академигі” Шығанақ Берсиевтей диқанның еңбегі мен жанкешті қызметін дәріптеу, жас ұрпақтың санасына ақ тарының атасы Ш.Берсиев туралы терең мағлұмат беріп, “Көкжар” жәрмеңкесі мәдениетін жаңғырту мақсатында ұйымдастырылып отырғанын баса айтты.

Келесі кезекте ақын-драматург, педагогика ғылымдарының докторы, ҚР-ның педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, “Ойыл ауданының Құрметті азаматы” Нұрлыбек Қалауов “Тарыдан дүниежүзілік рекордтық өнім алған Шығанақ Берсиевтің еңбек жолын жалғастыру мүмкіндіктері” тақырыбында баяндамасында Ш.Берсиевтің тары егу технологиясына, тарының қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіндегі маңызды асы, сонымен қатар денсаулыққа тигізер пайдасы өте көп екеніне тоқталып өтті.

Шығанақты дәріптеу, ұрпаққа үлгі ету шараларын жиі өткізіп, жастарды зерттеу жұмыстарына шақырды. Ал, аудандық өнер және өлке тарихы музейінің басшысы Балқия Рысбаева “Тары қазақ дастарханының сәні мен дәмі” баяндамасында тарының түрлері мен тары дақылынан жасалатын тағамдар жөнінде баяндады. Профессор, Қазақстанның құрметті журналисті, “Ойыл ауданының Құрметті азаматы” Асқар Идош Шығанақ атамыздың адами болмысына, қайырымдылығына көбірек тоқталды.


Тағылымы мен танымы мол шарада Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Ш.Берсиевтің жиені Мұхамбетқали Ешмұқанов көрсетілген құрметке, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізсе, атақты тарышының ізбасары, суармалы тары өсіріп отырған “Жақып” шаруа қожалығының төрағасы Жұмабай Жақып өзінің тәжірибесін жеткізіп, тары өсіру арқылы жеткен жетістіктерімен бөлісті.

Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының өсімдік генетикалық ресурстары зертханасының меңгерушісі Мария Цыганкова “Еліміздің батыс аумағында тары өсірудің тарихы, зерттеу, нәтижелерін” слайд арқылы нақты көрсетті. Сенбінің таңынан басталған этнофестиваль аясында «Қазақ даласындағы Көкжар: «Әлем. Тарих. Тары» атты республикалық танымдық конференциясы, Ойылдың құрметті азаматы, «Мәдениет саласының үздігі» Нұрлыбек Қалауовтың авторлығымен «Шығанақ» қойылымы көптің назарына ұсынылып, сахналанды.

Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Шығанақ ата бағындырған белесті әсерлі сомдады. Берсиевтің қажырлы еңбегін, адалдығын, төзімділігін көрсете алған өнерпаздар көрермендердің зор ықыласына бөленді.

Конференция барысында аудандық мәдениет үйінің фойесінде аудандық кітапхананың “Шығанақ-бағындырған шың” көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен бірге, Ойылға жиналған қауым «Этно-fashion» көрсетілімін, қолөнер шеберлерінің көрмесін, Ұлттық ойындар байқауын тамашалады.


P.S. Республикалық фестивальдің ерекшелігі сол, 300-ге жуық түрлі сала өкілі «Тары қуыру», «Тарыны түю және ұшыру», «Диірменшілер», «Тарыдан жасалатын өнімдер» байқауларында бақ сынасты.
Облысымыздың 11 ауданы, Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы, Атырау облысының Қызылқоға ауданынан келген қатысушылар көрермендерді таңғалдырып, өнерлерін ортаға салды.
Қазылар алқасының шешімімен, байқаудың І орны Ойыл ауданына, ІІ орын Алға, Мұғалжар аудандарына және ІІІ орын БҚО Қаратөбе ауданы, Қарғалы және Қобда аудандарына бұйырды. Ынталандыру сыйлығы – 200 мың теңге 8 ауданға берілді.


Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

 

Басқа жаңалықтар