Басты тақырыпЭкономика

«АУЫЛ АМАНАТЫ»: ОЙЫЛ АУДАНЫНДАҒЫ ЖОБАНЫҢ ЖЕМІСІ

Қазақстанның ауылдық аймақтарын дамытуға арналған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы ел тұрғындарының әлеуетін арттырып, ауыл өмірін жаңа белеске көтеруге бағытталған ауқымды жобаның биыл қанат қаққанына үш жыл. Жергілікті тұрғындарға тұрақты табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік беретін бұл бағдарлама ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруде. Биылғы жылы Ойыл ауданы да аталмыш жобаның белсенді қатысушыларының бірі ретінде ерекшеленді.

Жыл басынан бері ауданда 99 жобаны іске асыру жоспарланса, қазіргі таңда 85-і жүзеге асып, жалпы сомасы 645,2 млн. теңге бөлінді. Жалпы саны 103 жобаға құжаттар тапсырылған.
Тұрғындардың көбі мал шаруашылығымен айналысатын біздің ауданда кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Бұл мақсатқа жоба аясында 482,0 млн. теңге бөлініп, 62 жоба мақұлданды. Ал, 11,1 млн. теңгеге бағаланған 3 жоба құс шаруашылығына тиесілі болса, 151,6 млн. теңгеге мақұлданған 20 жоба шағын және орта бизнес дамытуға бағытталып отыр.
Ойыл аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі басшысы Абат Мүбараков,
«Мемлекеттен 2,5 пайызбен 2023 жылдан бастап облысымыздың барлық аудандарында бастау алған жоба, бастапқыда құс шаруашылығы мен шағын өндіріс ашуға беріле бастады. Биыл, яғни 2024 жылы бұл жоба мал шаруашылығы мен шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында жеңілдетілген несие беріле бастады. Өз кәсібін дамытқысы келетін ауылдықтарымыздың сенімін еселей түскен жобаға қызығушылар жылдан-жылға артып келеді», — дейді.
«Ауыл аманаты» жобасына біздің ауданнан барлық ауылдық округ енгізілген болатын. Соның ішінде Көптоғай ауылдық округі 24 жобамен көш бастап тұр. Несие алғандар қатарында монша, жылыжай, сүт, ет өнімдерін қайта өңдеу және сүт, ет өнімдеріне қажетті құрал-жабдық аламын деп өтінім бергендер бар.
Жоба аясында Ойыл ауданының тұрғындары өздерінің кәсіпкерлік қабілеттерін іске асыруға мүмкіндік алып отыр. Аталған бағдарлама арқылы несие алғандардың бірі көптоғайлық Қарлығаш Зейноллаева. Жас кәсіпкердің кәсіпкерлікке аяқ басқанына биыл 5-ші жыл. Былтыр 2,5 пайызбен 4,5 млн. теңге көлемінде несие алып, сүт және ет өнімдерін өңдеуге арналған құрал-жабдықтар сатып алды. Қарлығаш ауыл тұрғындарына сапалы жартылай дайын өнімдері мен сүт тағамдарын ұсынып отыр. Бұл өнімдер ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, жергілікті нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар тез дайындалатын фаст-фуд тағамдарын әзірлеп, сатады.
Қарлығаш Батырбекқызы – екі баланың анасы, әрі мектепте педагог-ассистент болып қызмет атқаратын маман. Оның кәсіпкерлікке бет бұрып, табысты іс бастауға деген ынтасы ауыл жастарына үлгі боларлықтай. Қарлығаш күндіз мектептегі жұмысын жауапкершілікпен атқарса, кешкі уақытта ауыл тұрғындары үшін дәмді тағамдар әзірлеп, өз кәсібін дамытуда. Жолдасы Қанат бауырларымен бірге шаруа қожалығының жұмысын жүргізіп жатқанын тілге тиек етті. Бүгінде шаруашылық ірі қарамен қатар, жылқы, қой санын көбейтуге басты назар аударып отыр. Еңбекқор жандардың алға қойған жоспары көп.
— Еңбек етем деген жандарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар да жетерлік. Жалпы, тұрғындардың жағдайы жақсы. Мал саны да артуда, жобаға қатысып, кәсіп ашып жатқандар да бар. Ендігі біздің мәселеміз ауылымызға газ келсе, жол дұрысталса тұрғындардың осындай күйбең тіршілікпен «бас ауруы» азаяр еді. Енді осы тілегімізді облыс, аудан басшылығы назарға алса екен дейміз. Сондай-ақ, ауылда тұрақтанған жастар аз. Ауылға жастарды барынша қызықтырғымыз келеді.
Көптоғай ауылында ата-енем бұрын тойхана ашқан. Қазір тойхананың ғимаратында тұрғындарды заманға сай, сұранысқа ие тағамдармен қабылдап, жұмыс жасап жатырмыз. Сондай-ақ, тойхана ғимаратының бір бөлігінен қымызхана аштық. Бір кездері ешқандай құрал-жабдықсыз үйден басталған кәсібіміз, қазір шүкір, «Ауыл аманаты» жобасы аясында дамып келеді. Жолдасым екеуміз балаларымызға әркез еңбек еткен адам ғана зор жетістікке же-тетінін, адал еңбектің наны тәтті болатынын айтып отырамыз»,-дейді.
«Ауыл аманаты» – ауылдық аймақтардың болашағына салынған инвестиция. Ойыл ауданының тұрғындары бұл жобаның мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, ауыл өмірін жаңа деңгейге көтеруде. Әрбір қолдау алған жоба – ауылдың дамуына қосылған үлес. Алдағы уақытта жоба арқылы ауыл тұрғындары өз кәсібін одан әрі дамытып, елдің экономикалық әлеуетін арттыруға үлес қосады деп сенеміз. Жобаның жемісті болуы – ауылдардың көркейіп, халықтың әл-ауқатының жақсаруына кепіл болары сөзсіз.
P.S. «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ ТОҚАЕВТЫҢ 2022 ЖЫЛДЫҢ 26 ҚАРАШАСЫНДАҒЫ №1 «ҚР АУЫЛДЫҚ АУМАҚТАРЫН ДАМЫТУДЫҢ 2023-2027 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ТУРАЛЫ» ЖАРЛЫҒЫ НЕГІЗІНДЕ БАСТАУ АЛҒАН БОЛАТЫН.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар