ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
САЛТАНАТТЫҢ ҚОЛДАУЫ
Ойылдағы алапат су тасқынын естіген жырақтағы жерлестердің қай-қайсысы да бей-жай қалмады. Бәрі де қал-қадірінше қолұшын созды.
Тасқынның зардабын толтыруға ұмтылған жерлестеріміздің бірі Салтанат Шахметова.
Ойыл өңірінде туып, кіндік қаны тамған, Жамбылдай әкесі мен Амангүлдей анасынан тәлім-тәрбие алып, жүрегі мейірімге толы Салтанат Ойыл орыс мектебінің түлегі.
Бүгінде жеке кәсіпкер. Тараз қаласында сәнқой қыздарға арналған «Салтанат» бутиктерінің иесі.
Өңірімізде орын алған тасқын су апатын естіп, бірден гуманитарлық көмек, таза киім-кешектер, ақшалай көмек жолдайды. Бұл сауапты, қайырымды істен жақын таныстары да, дос-жарандары да қалыс қалмай, Ойыл өңіріне Жамбыл облысынан 5 газель азық-түлік, киім-кешек, қаржылай көмектері келіп жеткен болатын.
Сонымен қатар, Салтанаттың өз отбасы атынан 1 миллион 200 мың теңге Екпетал, Жаңабаз тұрғындарына берілді. Көктемнің осы бір шуақты күнінде жерлесіміз тағы 1 газель гуманитарлық көмек ала келіп, Ойыл аудандық ауруханасына арнайылап келіп, тасқын судан зардап шеккен емделушілермен кездесіп, хал-жағдайларын сұрап, сый-сияпат табыстады.
Қиын қыстау кезде қолдау білдіріп, жанашырлық танытқан жерлесімізге алғыс білдіре отырып, мықты денсаулық, отбасы амандығын, кәсібіне береке тілейміз!