Әкімдік

Ата Заңның айшығы

Ертең Қазақстан Республикасының Конституциясы күні. Ата заңның мерекесі қарсаңында Қазақстанның барлық өңірінде бұқаралық шаралар өтеді. Осыған орай Ойыл ауданындағы басты салтанат «Ата заң елдігімнің еңсесі» деген атаумен аудандық мәдениет үйінде өтті.

Еліміздің Ата Заңы — 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған болатын. 1995 жылы қабылданған Конституцияның басты авторы — Қазақстан халқы мен оның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев деп толық сеніммен айтуға болады. 1995 жылы 30 тамызда елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысты. Олардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады. Конституция барлық қазақстандықтардың ой-пікірін есепке ала отырып жасалған құқықтық-саяси құжат. Жаңа Конституцияны қалыптастыруға қалың жұртшылықтың қатысуы — Ата Заңға ерекше үстем күш беріп, оның әлеуетін арттырды. Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі. Әрине, тарих ауқымынан алып қарағанда, 20 жылдан астам уақыт аз ғана мерзім. Десе де,осындай алмағайып заманда Қазақстанның Ата Заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Ал көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік конституцияның қатарында тұр.
Қолданыстағы Конституция республика өмірінде экономикалық қана емес, саяси өзгерістерге де жол ашты. Бұл Конституция мемлекеттік биліктің біртұтастығын бекіте отырып, жұмылған жұдырықтай жүйеге айналдырды. Мемлекеттік билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігін күшейтті. Халық пен мемлекеттің арасындағы коммуникативтік күшке айналды. Атап айтқанда, Конституцияның қоғам өміріндегі, еліміздің тарихындағы орны бөлек. Ата Заңымыз өз өміршеңдігін көрсетті. Конституция қағидаттарына сәйкес, еліміздің демократиялық жолмен даму бағыты айқындалды. Құқықтық мемлекет қалыптастыру қағидалары қоғамда және азаматтардың санасында түпкілікті бекітіліп, өз жемісін беруде. Конституция Қазақстан мемлекеттігінің нығаюына, еліміздің дамуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне негіз қалап берді.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Біздің Ата Заңымыз — Қазақстан халқының саналы түрде таңдауының жемісі. Ата заңмен өмір сүру білімі мен тәжірибесін өмір бойы үйренетін демократияның жоғарғы мектебі» деп оның құндылығын нақты анықтап берді. Қазақстан Конституциясы – азаматтарға демократиялық принцептерге негізделген теңдік пен бостандық беретін қастерлі құжат. Коституция – біздің  ынтымағымыз бен еркіндігіміздің кепілі. Конституция —  рухани жаңғыруға бағытталған жасампаз істерді атқару жолындағы сенім беретін темірқазығымыз. Ал, мәдениет үйіндегі мерекеге келер болсақ, алдымен сахнаға салтанатты түрде Қазақстан Республикасының Конституциясы кітабы әкелінді. Яғни, мемлекеттік қызметке соңғы кездері қабылданған Ойыл аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Медет Құлмұханов пен Көптоғай ауылдық округі әкімінің аппаратының жетекші маманы Ажар Алекешовалар еліміздің басты құжатына қолдарын қойып тұрып Қазақстан Республикасы мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің антын қабылдады. Одан кейін жұртшылықты аудан әкімі Асқар Қазыбаев құттықтап, Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай медиация саласындағы белсенді қызметі үшін Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Алғыс хатын кәсіби емес медиаторлар Мерует Ғаббасова мен Шекер Қауметоваға және Ойыл ауданы бойынша кірістер басқармасының ақпараттарды қабылдау, өңдеу орталығы және салықты әкімшілендіру бөлімінің бас маманы Ұлдай Шоймановаға тапсырса, Ойыл аудандық сотының кеңсе меңгерушісі- ГауҺар Танкиеваға аудан аумағындағы заңдылықты сақтап қызметтік міндеттерін орындауда көрсеткен жоғары біліктілігі мен ұзақ жылғы абыройлы еңбегі үшін және Ойыл аудандық прокуратурасының іс жүргізуші инспекторы Жасұлан Тілектесовке аудан аумағындағы заңдылықты сақтап қызметтік міндеттерін орындауда көрсеткен жоғары біліктілігі үшін марапатталса, Ойыл ауданы полиция бөлімінің Патрульдік полиция тобының полицейі, полиция аға сержанты Ерген Дүйімбаевқа аудан аумағындағы қауіпсіздікті сақтап қылмыстың алдын-алуда көрсеткен ерекше қызметі үшін, Ойыл аудандық әділет басқармасының іс жүргізуші Дәурен Ақеділовке аудан аумағындағы заңдылықты сақтап қызметтік міндеттерін орындауда көрсеткен жоғары біліктілігі үшін, «Ойыл аудандық мәдениет және тілдерді дламыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің сектор меңгерушісі- Индира Суқашеваға аудан аумағындағы заңдылықты сақтап қызметтік міндеттерін орындауда көрсеткен жоғары біліктілігі үшін өз алғыс хатын ұсынды.
Сондай-ақ, осы мерекелік салтанатты сәтте «Үлгілі үй», «Үлгілі аула» атты аудандық байқаудың жеңімпаздарын марапаттады. Яғни, «Үлгілі үй» номинациясы бойынша Көптоғай ауылдық округі, Амангелді ауылының тұрғыны Мейірім Әбдіразақ пен Ойыл ауылының тұрғыны Берік Берекеновтің және Ш.Берсиев атындағы ауылдық округі, Қаратал ауылының тұрғыны Төлеген Жайжановтардың үйлері жеңімпаз деп танылыпты. «Үлгілі аула» номинациясы бойынша Ойыл ауылының тұрғыны Қазбек Нұрымгерейұлының ауласы үздік деп танылды. Жеңімпаздардың барлығы да аудан әкімінің қолынан арнаулы сыйлықтар алса, Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында отау құрған жас жұбайлар Райымбек Әділханов пен Айша Сағатқызына да аудан әкімі естелік сыйлығын табыс етсе, жас жұбайларға Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Аманкелді Рамазанұлы бата берді.
Ал, мерекені Ж. Жүсібалиев атындағы қазақ орта мектебінің бишілері бимен көмкерсе, халықтық «Шапағат» отбасылық ансамблі әнмен әрледі. Аудандық мәдениет үйі жанындағы Назира Жұмабаева жетекшілік ететін домбырашылар тобы Абдулхамит Райымбергеновтің «Секіртпе» күйін шебер орындап, көрермендердің зор ықыласына бөленді.

Басқа жаңалықтар