Білім

«Жұбанов керуені» Көкжарға келді

Жуырда ауданымызға жерлестеріміз, Құдайберген Жұбанов атындағы АӨМУ-нің Стратегиялық даму жөніндегі проректоры, физика-математика ғылымдарының докторы Қуанышбек Шүңкеев пен филология ғылымдарының докторы, Құдайберген Жұбанов атындағы АӨМУ-нің профессоры Абат Пангереевтер бастаған «Жұбанов керуені» келді.

«Дипломмен — ауылға!» бағдарламасын одан әрі дамыту, жас түлектерге дұрыс мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру, жергілікті жердегі кадр тапшылығын жоюды бірлесе шешу мақсатында арнайы іс-сапармен келген «Жұбанов керуені» алдымен Ойыл аграрлық колледжінің материалдық-техикалық базасымен танысып, Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде арнайы аралады. Одан кейін аудандық мәдениет үйінде мектеп бітіруші түлектермен кездесу жиынын өткізген «Жұбанов керуені» үздік талапкерлерді үздік оқу орнында оқуға шақырды. Өз кезегінде сөз алған жерлестеріміз Қуанышбек Шүңкейұлы мен Абат Шамұлы туған жерге деген сағыныш сезімін білдіре отырып, айтулы оқу орнының қабырғасында ғалым болып қалыптасуға, білімін арттырып, ғылымға бет бұрып, ғылыми жаңалықтар ашуға мүмкіндік көп екенін ашық айтты. Қ.Жұбанов университетінің оқуға қабылдайтын кезінде дәл бүгінгідей жүздесіп, кеңес алып отыруға мүмкіндік болмайды. Сондықтан қазірден бастап қажетті кеңес алып қалуға ұсыныс тастады. Келесі ретте аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев ауданымызға келген «Жұбанов керуені» тобының жұмысына сәттілік тілеп, ризашылығын білдірді.

Аудандық мәдениет үйінің фойесінде студенттік клубтар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, ауданның жас түлектеріне дұрыс мамандық таңдауда бағыт-бағдар беруге арналған «Мамандығыңды дұрыс таңда!» акциясы өткізілді. Акция қорытындысы бойынша Қ.Жұбанов университетінің оқу ақысына  25 пайыз жеңілдік сертификатын Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының 11 класс оқушысы Дильназ Аралова және Ойыл қазақ орта мектебінің 11 класс оқушысы Аружан Сағынова мен Ұлар Мұқашова ұтып алды.

Аталған оқушыларға 25 пайыз жеңілдік сертификаттарын Қ.Жұбанов университетінің Үздіксіз білім беру институтының директоры Гүлбану Такишова тарту етті. Сонымен бірге жиын барысында ҰБТ тапсыру ережелері мен өзгерістері түсіндіріліп, АӨМУ-нің Кәсіби бағдар беру және қабылдау комиссиясы бөлімінің басшысы Рауан Жалтырбаева «Жоғары оқу орнына түсу ережелері» туралы толық ақпарат берді. Сондай-ақ тағы бір қуанарлығы аталған университет кеңесінің шешімімен тағайындалған «Жұбанов университетінің білім гранттары» Ш.Берсиев орта мектебінен Сандуғаш Мәтжановқа, Амангелді орта мектебінен Динара Әлімқызына, Қараой мектебінен Зарина Жауметоваға, Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп гимназиясынан Нағима Елеухановаға, Құрман орта мектебінен Нұрбол Қаламғалиұлына табысталды. Әрі қарай жалғасақ, Қ.Жұбанов университетінде оқитын ойылдық белсенді студенттерінің ата-аналарына және ауданымызда әртүрлі салада қызмет етіп жатқан Жұбановтың түлектеріне алғыс хаттар табысталды.

Кездесу соңында Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті «Тарих және дінтану» кафедрасының филиалы ашылды. Аталған филиалда жоғары оқу орны оқытушылары мен мектеп мұғалімдерінің бірлескен жұмысы жоспарлануда.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар