Әлеумет

Бар өмір бағыт алған өздеріңнен

СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ АУДАНЫМЫЗДА КӘСІПКЕРЛІККЕ БЕТ БҰРҒАН ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕРІМІЗДІҢ ҚАТАРЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ. ОЛАРДЫҢ БІРІ СҮТ ӨНІМДЕРІН КӘСІПКЕ АЙНАЛДЫРСА, ЕНДІ БІРІ ТІГІН, МЕЙРАМХАНА, КАФЕ, ДҮКЕН, СҰЛУЛЫҚ САЛОНДАРЫ, СОНДАЙ-АҚ ЗАМАНҒА САЙ ТАҒАМДАР ОРТАЛЫҚТАРЫН АШУ ҮСТІНДЕ. ОСЫНДАЙ КӘСІППЕН АЙНАЛЫСАМЫН ДЕУШІЛЕРГЕ ҮКІМЕТТІҢ ДЕ ҚОЛДАУЫ ЖОҚ ЕМЕС. ОСЫ ОРАЙДА БІЗ ДЕ АУДАННЫҢ КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫНА ӨЗІНДІК ҮЛЕСТЕРІН ҚОСЫП ОТЫРҒАН КӘСІПКЕР АРУЛАРЫМЫЗДЫҢ ЕҢБЕГІН ЕЛЕП, 8 НАУРЫЗ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДА БАСПАСӨЗ БЕТІНЕ ЖАРИЯЛАУДЫ ЖӨН КӨРДІК.

КӨЗДІҢ ЖАУЫН АЛАТЫН ҚЫЗ ЖАСАУЫ
Арайгүл Қазбекқызы Ойылға танымал тігіншілердің бірі. Көп балалы ана. Бұрын мемлекеттік қызметте болған ол, қазір шағын тігін тігу орталығы бар жеке кәсіпкерге айналды. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген қағиданы ұстанған Арайгүл алдымен қыздарды киім-кешек тігуге үйрететін мастер кластарға жиі қатысқан. Кейін «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының 2-ші бағыты бойынша «Бастау Бизнес» жобасы» аясында 2018 жылы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқып, мемлекеттік 250 мың теңге грант ұтып алды. Біздің ауданымыз нағыз қазақы аудан болғандықтан салт-дәстүрден жаңылған емес. Мұны әуелден зерделеген Арайгүл Қазбекқызы бизнес жоспарында «Қыз жасауын жасаймын» деп дөп басып айтқан еді. Расында біз жақта қыз жасауына сұраныс жоғары. Сондықтан, үкіметтен тегін алған ақшаға іс тігу машиналарын сатып алды. Қыз жасауын нағыз қазақы нақыштағы ою-өрнектер салып, сапалы маталарды пайдаланады. Қазір таңда арнайы сату орнында көздің жауын алатын қыз жасауы толып тұр. Арайгүл оған қоса тұрмысқа қажетті терезе жапқыш сынды заттарды да сұраныс бойынша тігіп береді. Қазіргі таңда екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның қасындағы көмекшілері де әрдайым Арайгүлге сәттілік тілеп, отандық өнімді өндіруге бірлесіп еңбек етіп келеді. Алдағы уақытта осы кәсіпті кеңейтуді де ойластырып жүр. Демек, «қолы қимылдағанға кедейлік жоқ» деген осы болса керек.

ЖҰМА КҮНІ МЕЙІРІМ СЫЙЛАЙДЫ
«Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген ұғым қазақ әйелдеріне арналғандай. Оған ешкімнің де таласы жоқ шығар сірә. Үйдің отбасы, ошақ қасы тірлігінен бөлек, қосымша кәсіппен айналысып жүрген жандардың бірі — Нұргүл Алипова. Көп балалы ана. Отбасында 5 бала тәрбиелеп отыр. Жолдасы Донат Майланов мал шаруашылығымен айналысады. Осыдан 5 ай бұрын халыққа қызмет көрсету саласы бойынша «Сапа» дүкенін ашқан. Қазір оның дүкеніне келушілер көп. Дүкеніндегі халық тұтынатын өнімдер өте сапалы. Сондықтан аты айтып тұрғандай «Сападан» тұрақты сауда жасайтындар да бар. Оның сырымен бөліскен кәсіпкер ана халық тұтынатын өнімдердің нарықтағы бағасы мен одан түсетін пайдасынан бұрын оның сапасына көп көңіл аударатынын жасырмады. Сауданың қыр-сырына әбден машықтанған Нұргүл Алипова қалтасының ғана қамын ойламай, отбасымен ақылдасып, жылдың басынан бері «Мейірімді жұма» акциясы аясында әр жұма сайын нанды тегін береді. Себебі, ол қайырымдылық жасау қазақтың қанында бар қасиет екенін жақсы біледі. Міне қазақтың қайсар әйелдері осындай болса керек.

P.S. Бір қуанарлығы ауданымызға көгілдір отын кіргелі бері кәсіпкер әйелдер үй тірлігінен бөлек қосымша табыс табуға бейімделіп келеді. Осындай ауданның іскер әйелдерін 8 наурыз мерекелері құттықтай отырып, отбасыларына құт-береке тілейміз.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар