ӘлеуметРухани жаңғыру

Аталар мен әжелер бастаған жол

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы—ұлт санасының жаңғыруын көздеп жазылғанын білеміз. Кезінде мұны ғалымдарымыз бен еліміздің ілгері ойлы қауымы—қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш деп бағалағаны және есімізде. Арада көп уақыт өтпей-ақ, соның бүгінде өмірде көрініс тауып жатқанының сан мәрте куәсі болып жүрміз.

Таяуда облыс аудандарына гастролдік сапарын жалғастырған «Атамекен» аталар және «Асылым» әжелер ансамблдерімен бірге жолға шыққан кезде осыған тағы бір көзіміз жеткендей болды. Ақтөбе қалалық мәдениет бөлімінің ұйытқы болуымен, қалалық Мәдениет үйі жанынан құрылған бұл өнер ұжымдары қазір облыс аумағына жақсы танымал. «Асылым» әжелер ансамбелі 10 жылдығын атап өтсе, «Атамекен» аталар ансамблі өткен жылы желтоқсан айында облыс орталығында алғашқы концертін берді. Содан бергі алты айда екі өнер ұжымы бір сапта Ақтөбе қаласының 150 жылдығы қарсаңында облыс орталығында және бірнеше аудандарда болып, көрермендерді өз өнерлерімен сусындатып үлгерді.
Өткен аптада кезекті сапарын шалғайдағы Ойыл ауданына арнады. «Атамекен» ансамблі құрамындағы 10 ата мен «Асылым»  ансамбліндегі 10 ана көпшілігі «Газель» көлігіне отырып, енді бірсыпырасы ұйымдасып жеке көліктерімен жолға шықты. Жолшыбай Қобда ауданының орталығында аялдап, алдын ала белгіленген шараларға сәйкес, Исатай Тайманов атындағы мектеп-гимназиясында кездесу өткізді. Алдыңғы жылы пайдалануға берілген жаңа мектеп сыңғырлап тұр. Мектеп-гимназия директоры аралатып жүріп таныстырған Исатай батырдың мұражайы, оқу орнының шәкірттерінің қолынан шыққан қолөнер туындылары, шеберлік кабинеттеріндегі оқушылардың технологиялық табыстары жаңару, жаңғыру жолындағы қадамдардың айқын айғағындай қабылданды.
Мектеп-гимназиядан шыға өнерлі аталар мен әжелер Исатай батырдың ескерткішіне тағзым етіп, жанында суретке түсті.  «Қобда—батырлар елі!» деген мақтаныш сөз арғы-бергі кезден айтылып жүрді. Алайда, асыл сүйектері жатқан Исатай мен Қобыландының шын мәнінде ұлықталғаны еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана. Бүгінде құтты мекен Қобданың ұзын жол бойындағы кіреберіс екі бетінде  жолаушыны арғымағын ойқастатып екі батырдың ескерткіші күтіп алады. Тәуба! Осыдан отыз жыл бұрын, тіпті одан да бері де ме, осы ұзын жолдың бөктерлерінде шошқаның мүсіні тұратын. Әрі-бері өткен жолаушы соны да белгі қылып,  сол тұстан өтіп бара жатырмыз деп жататын-ды. Қазір жолшыбай ұлттық санамыздағы екі батырдың бірінің ескерткіші қарсы алып, екіншісі шығарып салып жатқанда қай қазақтың мерейі көтерілмейді, кімнің көңілі тасымайды. Осындай жер-жердегі жаңғыру, еліміздің бүгінгі жасампаздығы еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отыз жыл бойғы сарабдал саясатының арқасында келген жоқ па? Мұны ұмытуға, қадірлемеуге бола ма?!
Мен осынау көлік ішінде осының қадірін біетін, бүгінгі күндеріне дән риза, бұратана сөбен шаруасы жоқ, өздерінің ұстанған ерекше бағыт-бағдары бар аталар мен әжелердің ортасында келе жатқаныма кәдімгідей арқаланып отырдым. Сайлаудан кейінгі құлақты сарсылтатын әңгіме бұлардан аулақ. Ақтөбеден шыға аталар мен әжелер қосылып:
Күлімдеп жатқан көлден,
Көкарай шалғын белден,
Құбыла соққан желден,
Айналайын!
Тілегін Тәңір берген,
Қасиет қонған елден,
Ел үшін туған Ерден,
Айналайын!—деп, «Қазақтай ел қайда» әніне салып еді, содан талмай, Ойылға жеткенше құлағыңның құрышын қандыратын талай әуезді әндерді шырқаумен болды. Алды сексен бестен асып,  соңы жетпіске аяқ салғалы отырған ақсақалдарды, елуден шығып, жетпісті алқымдаған әжелерді алдынан шығып, лайықты қасы алған ойылдықтар ежелгі Көкжардың орталық саябақ, мұражай, Шығанақ ескерткіші, көне жәрмеңке орындары сынды көрнекі жерлерін аралатып көрсеткеннен кейін,  жол бойғы әсем әуенді жалғастыру үшін аудандық Мәдениет үйіне алып келді.
Мұндағы аталар мен әжелердің концерті «Ғасырлар үні—бабалар жолы» деп аталып, ұлы даланың әр кезеңдегі сарынын жаңғыртып еске түсіруге арналғандай әсер қалдырды. Екі ансамбль бірігіп, концертті хормен Дихан Әбіловтің сөзіне жазылған Латиф Хамидидің  «Отаным» әнімен ашты. Бұдан соң осы хор Әбілахат Еспаевтың «Бейбітшілік маршы» әнін шырқады. Ертеректе жазылғанмен бұл әннің де:
Бейбітшілік халық ұраны,
Лаула мәңгі өмір шырағы.
Бүкіл әлемде,
Шалқар қоныста
Жол жоқ қанды соғысқа!—деп бүгінгі адамзаттың тілегіне орайласып тұрды.
Концерттің барысында ресми шараларға да орын берілді. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы, «Атамекен» ансамблінің белді мүшесі Еркін Құрманбеков:
—Бүгін сәті түсіп, жетпіс пен сексеннің ортасындағы азаматтар әжелермен бірігіп өз өнерлерін көрсетіп жатыр. Біздің концерттік бағдарламамыз «Ауыл—ел бесігі», «Жастар жылы»,  «Рухани жаңғыру», Ұлы даланың жеті қыры» талаптарына бағындырылған. Әуендердің мәні мен мазмұны бүгінгі күнгі адамдардың санасының жаңғыруына қызмет етсе деген мақсат. Ақсақалдардың басын біріктіріп ансамбль құру ойы да осыдан туған,—деп ойлдықтарға қарата сөз бастады.
Бұдан соң бір кезде облыстық мәдениет саласын басқарған ардагер ұзақ жылдар аудандық мәдениет мекемелерінде қызмет атқарған Айғанша Құлбаева, Шекар Жолдыбайқызына, Сания Мұхтарқызына, Жаңылсын Бисенғалиеваға, Аманкелді Жұмановқа облыс әкімінің орынбасары қол қойған Алғыс хатпен, ақшалай сыйлықтарды тапсырды. Екі ансамблдің атынан аудандық мұражай мен аудандық кітапханаға естелік сыйлықтар жолдады.
Екі ансамблдің бірігіп және бөлек-бөлек шырқаған әндерімен бірге, Сабыржан, Хайдар, Бекболат, Қабақ аталардың жеке орындауындағы «Сағынып келдім сендерге», «Желкілдек», «Сырласу вальсі» әндері, «Адай» күйі көрермендерді жақсы әсерге бөледі. Әнші Жанар Жұбатқанованың жек орындауындағы және Бекболат әншімен қосылып шырқаған «Шай ішіп кетсең қайтеді» әні де көпшіліктің көңілінен шықты. Баянда сүйемелдеген Садық Берікұлының өнері де назардан тыс қалмады.
Бұл күні екі ансамблдің көркемдік жетекшісі, әрі дерижері Қаракөз Сағынова өз өнерімен жерлестеріне жаңа қырынан тағы бір жарқырап көрінді десек артық болмас. Ол осы Ойыл жерінде туып, ұстаздықпен бірге, өнер жолын да бастаған-ды. Бала-шаға баққан ана отбасы, ошақ қасы болып қалмай, сол өнерін жалғасырып, 10 жыл «Асылым» әжелер ансамбілін тәрбиелеп шығарып, енді, міне, оны «Атамекен» аталар ансамблімен біріктіріп халықтық дәрежеге жеткізуге талап қылуда.
Сахынаға Ескендір  Хасенғалиевтің «Ауылым» әнімен шыққан Қаракөз «Мен сендерді жақсы көремін» әнімен жалғастырды. Композиторлыққа да талабы барын көрсететін өнерпаздың «Тарихқа куә болған Көкжарым» әнін осы кеште Ойылдың саз мектебінің оқушылары орындады.
Концерттің барысында көрсетілген  Қ. Сағынованың стенарийі бойынша қойылған «Атажұрт —Атамекен» көрінісі де ойылдық көремендерді әсерлі ойға бөлеген еді.
Шығыста « Әйел оянбай, еркек тұрмайды» деген даналық сөз бар. Көп жерде әжелер ансамблі ерте құрылғанын білеміз. Аталар ансамбілін естімедік. Енді Ақтөбеде сол аталар ансамбілі бар. Бұл екеуінің біріккені де жарасымды. Бір-бірімен өнер жарыстырып та, толықтырып та тұрғандай. Жекелей орындағанда «Атамекен» ансамбілінің әндері Тұманбай Молдағалиевтің «Құстар әні», Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» сынды әндері болса, «Асылым» әжелер ансамбілі репертурарында Илья Жақановтың «Асылым», «Ғашықтарда сыр болмайды жасырын», «Әпейтөк», «Кимешек» сынды әндерге орын берген.
Екі ансамбль екі сағатқа созылған концерттің соңында  Ескендір Хасенғалиевтің «Атамекен» әнін қосылып шырқағанда, ойылдықтар орындарынан тұрып қол соғып қошемет көрсетті. Аудан әкімінің орынбасары Аслан Кенжебаев өнер ұжымына аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Залдан көрермендер Аманкелді Жұманов, Гүлжан Болаева, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Шамшырақ Жоламанова қос ансамблдің өнерлеріне деген риясыз ризашылықтарын білдіріп, көпшіліктің атынан алғыс айтты. Осы топпен шыққан ардагер Қазбек Нұрымгереев:
—Қартаймаудың жақсы жолын тапқан аталар мен әжелер, шырқай беріңдер. Өнерлеріңе сүйсіндік. Дендеріңе саулық, шығармашылық табыс тілеймін. Осындай ансамбль біздің ауданда да бар. Мен соның мүшесімін. Елбасымен жандай құдаспын. Соны әркез мақтаныш етемін. Тұңғыш Президент репертуарынан Сіздерге бір ән айтып берейін, —деп  «Когда весна придет» әнін шырқады. Бұған өнерлі қауым сүйсіне қол соқты. Үлгілі нәрсе жұғысты келеді деген осы. Ақтөбелік аталар мен әжелердің концерті ойылдықтарды серпілтіп тастады.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,
Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар