ӘкімдікБасты тақырып

Сауал көп, жауап аз!

Өткен аптада  жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, мақсатында аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі  отырысы Қараой, Сарбие ауылдық округтерінде өтті.

Көшпелі отырысқа комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары М.Айдарбаев, «Nur Otan» партиясы Ойыл аудандық филиалының бірінші орынбасары С.Займолдин, Ойыл аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н.Атағалиев, Ойыл аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Д.Нұрғазин, Ойыл аудандық полиция бөлімінің қызметкері А.Батанов пен аудан әкімі аппаратының бас маманы Г.Ермағанбетовалар қатысты.
Екі ауылда да кездесуде алдымен комиссия төрағасы көшпелі кеңестің мақсатын түсіндіріп, аудандағы жалпы ахуалды баяндады. Әрине, Ойыл өндірістен жырақ жатқан, ұлттық тәрбиенің ұясы саналатын аудан. Алайда, ғаламтор мен әлеуметтік желінің «жемісі» бүгін біздің ауданның да жастар тәрбиесіне жауапты мамандарын ойландырып отыр. Соңғы кездергі жасөспірімдер арасындағы елді елең еткізген оқиғалар жиілеп барады. Яғни, оқушылардың топталып төбелесуі, болмаса суық қару ұстауы сияқты көріністер араға жыл салып қайталанып отыр. Өкініштісі сол, өрімдей бозбаланың өлімімен аяқталған оқиғаның қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Әрі соңғы оқиға Сарбие ауылында орын алды. Әрине, істің ақ-қарасын тергеу барысы көрсетеді. Бірақ, бір түйін бар – барлық салада кемшілік кетті. Бала мезгілсіз уақытта қайда жүр? Ата-ана баласын неге іздемейді? Учаскелік полиция инспекторы алақандай ауылда жасөспірімдердің қозғалысын неге бақыламайды? Осындай жауабы жоқ сансыз сауалдар тұр алдымызда.
Екі ауылдағы кездесуден не түйдік? Әлде, бәріне карантин кінәлі ме? Жоқ. Былайғы уақытты айтпағанда, карантиннің кезінде бала кешкі тоғыздан кейін үйден шықпау керек! Түн жарымына дейін баланың көше кезуі – карантин талаптарының тұтас ауылда орындалмауы. Ал, Абайға жүгінсек, «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын!» — дейді. Сондықтан, ертең бармағымызды шайнап, өкінбес үшін бүгін баланың тәрбиесіне баса назар аударуымыз керек!

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар