ӘлеуметБасты тақырып

Ойыл ортайып барады…

Ойыл ауданының экономикасының негізі ауыл шаруашылығына тікелей байланысты. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласындағы маңыздылығы жоғары мәселенің бірі су ресурсы. Соңғы жылдары Ойыл өзені арнасына толмай ағады. Қазір мұндай мәселені ойылдықтар бірнеше рет қозғағанымен бұл табиғи фактор болғандықтан қолдан келер қайран жоқ. Соңғы жылдарғы жауын-шашын мөлшерінің азаюы, тоңның жұқа болуы...

Суы тартылған өзеннің жағалауларын қамыс басып, арнасының кеуіп кету қаупі байқалады. Себебі өткел бермес Ойылдың кейбір жерлері құрғап, өзен суын секіріп өтуге болатын жерлері жанға батады. Үзілген өзеннің үстінде шыбындаған жылқы мен шошалалаған сиырдан көз аша алмайсың. Сарқылған өзеннің соңғы уақыттағы сиқы осындай. Міне осындай мәселенің мән-жайын білу үшін облыстан келген жандар жиын жасап кеңес құрудан әрі аса алмай келеді. Туған жердің құмында аунап, суында балалық дәуренін өткізген талайлар осы жайды жанұшыра айтқанымен ешқандай нәтиже жоқ. Күрмеулі мәселе көптің көкейінде жүр. Кейбіреулер Ойылдың тартылуы өзен бойындағы ірі шаруашылықтар суды бөгеп алғандықтан деп те айтып келді. Алайда ауданның атқамінер азаматтары бұл жайтты жауып қойған жоқ. Мұғалжар тауынан бастау алып, Тайсойған құмына барып сіңетін 800 шақырым Ойыл өзенінің бойына зерттеу жұмыстарын жүргізді. Алайда Ойылдың ортайып қалуына ешқандай себеп жоқтығына көз жеткізді. Бұл табиғи құбылыс болғандықтан, бәлкім биыл Ойыл тасып қалуы мүмкін деген үміттің отын сөндірмей отыр. Осы орайда әлеуметтік желіде әнтек ойларын айтып, қарапайым халықты ылықтырып отырған жандар да жоқ емес. «Өзеннің суын өрескел көкелер жібермейді екен» деген сөздер бос қауесет екенін еске салғым келеді. Қол қусырып қарап отырған ешкім жоқ. Былтыр Ойыл жанашырлары жиналып, Ойылға қосатын бұлақтардың көзін ашты. Ауданның ақсақалдарымен кеңесіп табылған бұлақтардың көздері тазартылды. Осы орайда жуырда «Шұғыла» мәдениет және демаллыс орталығында ойылдықтар тағы да бас қосты. Онда өзен жағалауындағы қамыс-қоғаларды көп болып жұмылып, тазалау керектігі айтылды. Ауыл ақсақалдары өзен суы қозғалған уақытта плотинаны жауып қою арқылы лиманды жерлерді суға толтырып алу жұмыстарын жандандыруға кеңес берді. Сондай-ақ, жиын кезінде Ойыл өзені Тайсойған құмына барып сіңіп кететіндіктен құмға жеткізбей бөгет салу арқылы өзен суының біраз мөлшерін ұстап қалуға болатындығын ескертті. Бірақ бұл біздің мінберде міңгірлегенге шешіле қоятын түйін емес. Сондықтан Ойылға мемлекеттің қорғауы мен қолдауы қажет.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар