Әлеумет

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дүбірі Халықаралық «Ұлы дала жорығынан» басталады

3-7 қыркүйек аралығында елімізде Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі өтеді. Оған шет мемлекеттерден 10-жуық команда қатысады. Отандық командалардың саны 9. Қазіргі уақытта қатысушыларды тіркеу аяқталды.

«JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбековтің айтуынша халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің басты мақсаты – ұмыт бола бастаған жылқы тұқымдарын қайта жаңғыртып, олардың әлеуетін халықаралық деңгейде насихаттау.
«Ұлы дала жорығы» жобасының негізгі бағыттарының бірі – қолтума жылқылардың екінші тынысын ашу. Үш жыдан бері өткізіліп келе жатқан Жорықтың арқасында қолтума жылқылардың бағасы бірнеше есе өскеніне куә болдық. Бұған дейін «Бәйге аты», «Көкпар аты» деген түсінік болса, енді ол қатарға «Жорық аты» қосылды», — деп атап өтті Б.Тұрлыбеков.

Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бастауы болады. Сонымен қатар өзге мемлекеттер көшпенділер өркенитінің қазіргі үлгісін осы жорықтан көре алады.
«Бұл бастама аясында қазақ жылқыларын шетелдік жылқы тұқымдарымен салыстырып, олардың шыдамдылығын, ұзақ қашықтыққа төзімділігін, жалпы әлеуетін көрсетеміз. Бұл додаға шетелден қарашай, кабардин, араб, татар, башқұрт, жаңа қырғыз жылқы тұқымдары қатысады», — дейді «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Б.Тұрлыбеков.

Байрақты бәсеке Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай қонысынан басталып, Астана қаласында аяқталады. Жарыс басталатын Ботай қонысы кездейсоқ таңдалмаған, 44 жыл бұрын археолог-ғалымдар сенсациялық жаңалық ашты. Олар осы аумақтан 100-ге тарта артефактілер тауып, Солтүстік Қазақстан жерінде қамбар ата түлігі ең алғаш қолға үйретілген деген тұжырым жасады.

«Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Қуаныш Шақшақовтың айтуынша дәл осы жерде жылқы шаруашылығының дамығанына дәлел болатын археологиялық жәдігерлер көптеп табылған.
Сондай-ақ, Ботай қонысының маңына қазақ мәдениеті мен дәстүрін дәріптейтін үлкен этно-ауылдың құрылысы жоспарланып жатыр.
Еске сала кетейік, Республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Көкпар», «Бәйге», «Садақ ату», «Теңге ілу», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату» және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын Исламбек Салжанов басқарады.
Атап өтейік, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі — ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі — Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар