ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
ОЙЫЛ АУДАНЫНЫҢ БЕС ЖЫЛДЫҚ «ЖОЛ КАРТАСЫ»
«AMANAT» ПАРТИЯСЫ ДЕПУТАТТЫҚ ФРАКЦИЯСЫНЫҢ НАЗАРЫНДА
Өткен аптада Ойыл аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысында «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған «Жол картасының» Ойыл ауданы бойынша жүзеге асырылуы туралы аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың есебі тыңдалды. Аудандық мәслихаттағы партияның депутаттық фракция жетекшісі Ж.Ізғарина төрағалық еткен жиынға Ойыл аудандық мәслихатының төрағасы С.Займолдин, аудан әкімінің орынбасарлары, жауапты мемлекеттік мекеме қызметкерлері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасының Ойыл ауданы бойынша жүзеге асырылуы туралы аудан әкімі А.Қазыбаев баяндаса, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Б.Әділханов қосымша хабарлама жасады.
Ойыл аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Б.Әділханов өз сөзінде «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасының жүзеге асырылуы барысында Ойыл ауданы бойынша белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізуде атқарылған жұмыстар және жауапты мемлекеттік мекеме басшыларының жауапкершілігі жөнінде атап өтті. Мәселен, «Жол картасының» 1- пунктінде көрсетілген Ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы шеңберінде кәсіпкерлік жобаларды жыл сайын қаржылай қолдау көрсеткіші бойынша Ойыл ауданына 5 жоба жоспарланған болса, оның қазіргі таңда үшеуі орындалып тұр. Қалған екеуі Ұлттық кәсіпкерлікті дамыту бойынша екінші деңгейлі Банктерде қаражат болмауына байланысты кешеуілдеп тұр.
Сондай-ақ, «Жол картасының» 34- пунктінде аудан тұрғындарын газбен қамту 94.4% жеткізу көрсеткіші, қазіргі таңда 49,3%-ға орындалып тұр.
Себебі, биылғы жоспардағы Амангелді, Көптоғай ауылішілік газ желісі, Каракемер, Ақшатау, Шиқұдық, Кемер, Ақкемер ауыларалық газ құбыры кейінгі жылдарға шегерілуіне байланысты бұл межеге жете алмай отырмыз.
Фракция отырысының соңында «Жол картасындағы» көрсеткіштерге межелі қол жеткізу мақсатында жауапты мемлекеттік мекеме басшыларының жауапкершілігі күшейту және Ойыл ауданы бойынша орындалмай қалу тәуекелі жоғары екі көрсеткішті (1- пункт: Ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы шеңберінде кәсіпкерлік жобаларды жыл сайын қаржылай қолдау көрсеткіші бойынша 2023 жылға Ойыл ауданына 5 жоба ұсыну. 34-пункт: аудан тұрғындарын газбен қамтуды 2023 жылы 94.4%-ға жеткізу) қатаң бақылауда ұстап, негіздеме ұсынуды міндеттеді.