Басты тақырыпМәдениетРухани жаңғыру

Шығанақтың тойы – тағылымның тойы

Шығанақ –дара тұлға. Шығанақ шыққан еңбек шыңы – өз елінің игілігіне мұра болып келеді. Болашақта да өнегелі өмір иесі салған өркенді іс қанаты кеңге жайылып, қай уақытта болмасын еңбекпен келген бақыт баянды болатыны белгілі. Шығанақ ата – еңбектің тамаша үлгісін көрсетті. Осы өшпес өнегесі мәңгі өзі туып – өскен еліне жасампаздықтың, абыройдың, елге деген махаббаттың нышаны.
Даңқты диқан, тарыдан мол өнім алудан дүние жүзінде теңдесі жоқ көрсеткішке ие болып, «Ойылдың ақ тарысын» дүниеге танытқан, әлем рекордшысы атанған, ақ тарының атасы Шығанақ Берсеұлы өзінің есімімен аталатын ауылдық округтің топырағында, яғни Ащы-Ойыл ауылында 1881 жылы дүниеге келді. Осы жерде ер жетіп, есейді, өзінің еңбек жолын да туған жерінде бастады. Шығанақтың жас шағы мойнына ертерек түскен семья ауыртпалығын көтеруден басталып, кейін Ойыл-Қобда өңіріндегі байлардың жалшылығына ұласты. Жоқшылық пен тарымшылықтың құрығынан құтылу үшін көршілес қазіргі Атырау облысының, туысқан Қарақалпақ пен Түрікмен жерлерінде де еңбек етті.
Ол алғашқы құрылғаннан-ақ ТОЗ-ға, артельге мүше болып, тек қана бірлікпен атқарған еңбекте ғана адамдардың тұрмысының жақсаратындығын жете түсінді. Сол бір қиын кезеңдердің өзінде адамдарды ұйымдастырып, егіншілікке бой ұрумен қатар, аңшылық, балық аулау сияқты кәсіптерге де көңіл қойып, айналасындағы еңбекшілердің тұрмысын жеңілдету үшін ізденіп қарекет жасаған адам. Шықаң өзінің диқаншылық кәсібіне біржола ден қойып айналысуын 1924 жылы бастайды. Осы жылы ол, осы күнгі Қарасу ауылының бір топ адамдарының басын қосып, Ащы-Ойылды бөгеп, осы күнгі Берсиев совхозының еңбекшілері де, бүкіл аудан жұртшылығы да білетін «Бекбаусу» жайылымын жасайды. Қатардағы колхозшы Шығанақтың бұрын кәсіп қылмаса да, егіншілікке үйірілген жер өңдеуге, дақыл өсіруге икемділігін аңғарған ауылдастары, егін суарушылыққа бір ауыздан ұсынады. Ол жыл бойы айдаушы, егіс суарушы болып еңбек етеді. Кейінірек колхоз Шығанақтың ұсынысы бойынша мұнай двигателін және су ағызатын темір трубалар алады. Жұмысқа тындырымды, белсенді, тапқыр Шығанақ колхозшылар арасында үлкен беделге ие болды.
1938 жылы козхозшылар оны тары өсіру жөніндегі звеноның жетекшілігіне жоғарылатты. Озық агротехниканы қолдану, жерді суару және жергілікті тыңайтқыштарды пайдаланудың нәтижесінде сол кездегі ең бітік өнім — 3,2 гектар егістің әр гектарынан 25,6 центнерден тары жинады.1938 жылы осы жоғары көрсеткішке жетуіне байланысты Ш. Берсиев басқа да еңбек озаттары – егіншілермен бірге Москвадағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесіне барды. Ол астанада басқа өңірлердің тарышыларымен кездесіп, олардың өнімді қалай көп алатынын сұрап білді, өсімдік жөніндегі ғалымдармен әңгімелесіп пікірлесті.
1940 жыл Республиканың 20 жылдығы құрметіне еңбек вахтасында тұрған Шығанақ Берсиев 325 гектар суарманың әр гектарынан 125 центнерден тары жинады. Оның бұл еңбек жеңісін Отанымыз жоғары бағалап, оны Ленин орденімен наградтады. Оған дейін ешкім, ешқашан мұндай өнім алып көрген жоқ. Бірде-бір дәнді дақылдан, күріш пен жүгеріден де, осы кезеңге дейін мұндай түсім болмаған болатын.
Осы кезең тарыдан бітік өнім алу жолындағы Берсиевтік қозғалыстың басталу кезеңі болды. 1941 жылдың бас кезінде Алматыда тарыдан бітік өнім алған озаттардың республикалық кеңесі болды. Осы кеңесте Шығанақ Берсиев сөз сөйледі. Кеңестің материалдары сол кезде көп дана болып басылып шықты. Берсиевтің тарыдан жоғары өнім жинау жөніндегі бастамасы бойынша пайда болған қозғалыс тек облыстың колхоздары мен совхоздарында ғана емес, одан тыс жерлерде де кеңінен жайылды. 1941 жылы Ақтөбе облысы бойынша 185 мың гектар жердің әр гектарынан звенолардың 30 мың гектар егістігінің әр гектарынан 120 центнерден өнім алынды.
Осы жылдан бастап Шығанақ Берсиев өзінің шеберлігін арттыра отырып, рекордты көрсеткішке жетті. Ол 1941 жылы әр гектардан 155,8 центнерден тары жинады. Сөйтіп Москвадағы берген уәдесін абыроймен орындап шықты. Сол жылы Москвадағы кинодокументалистері «Құрман» совхозының егіс даласында болып, тарының орылу барысын түсірді. Бұл хроника және басқа да кино ленталар «Қазақфильм» киностудиясының архивінде сақтаулы. 1941 жылдың күзі еліміз үшін өте ауыр кезең болды. Неміс фашистері Москва түбіне дейін келді. Ленинград қаласын қоршау шеңбері тарыла түсті. Осы қиын-қыстау шақта Қазақстан Ленинград майданының жауынгерлеріне сыйлықтар әзірледі. Шығанақ Берсиев патриоттық бастама көтеріп, осы жылы өзінің жеке қорынан 350 пұт астық жөнелтті. Ол 1942 жылы ақпан айында қоршауда қалған, Ленинградқа азық-түлік жеткізу үшін құрылған делегацияның құрамына енгізілді.
Қазақстан еңбекшілерінің Ленинград сарбаздарына арналған сыйлығы тиелген эшалонды Москвада облыстық партия комитетінің секретары қабылдады. 1942 жылы Шығанақ Берсиев танк колоннасын құрастыру қорына 20 мың сом қаржы қосты. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жолдаған телеграммасында Шығанақ Берсиевтің патриоттық ісі жоғары бағаланып, бұл бастама бүкіл Қазақстан еңбекшілері арасында кеңінен қолдау табады деп нық сенім білдірді.
Табиғат сырын білуге құмар, оның әр құпиясын байқап жүретін білікті, өмірлік тәжірибесі мол жомарт диқан Шығанақ Берсиев тары дақылының биологиясын өмір дағдысымен мұқият зерттеп, оның түсімділігін жылма-жыл еселеп арттырып отырды. 1942 жылы Шығанақ Берсиев звеносы 40 гектардан 60 гектар учаскені бөліп, айрықша күтімге алуды қамтемесіз еткені үшін Шығанақ Берсиев «Социалистік ауылшаруашылығының үздігі» белгісімен наградталды.
1943 жылы Шығанақ Берсиев өміріндегі керемет елеулі кезең болды. Ол осы жылы Ойыл өзенінің бойынан 40 гектар учаскені таңдап алды. Кейін ғалымдар осы жерлерді зерттеп, ол жердің ұзақ жылдар бойы қой отарларының жайылымы болғандығын, үстіңгі қабаты қойдың қиымен жақсы тыңайтылғандығын анықтады.
Тарышылар звеносы таңдап алынған учаскеге қыста қарды барынша қалың тоқтатты. Тұқым ретінде себуге дәннің ірілері таңдап алынды. Жер 22 см тереңдікке жартылды, топыраққа тыңайтқыштар енгізілді. Звено мүшелері учаскеде жерді суаруға қолайлы атыздарды Шығанақ Берсиевтің өзінің көрсету бойынша салды. Берсиевтің звеносы тарыны оруды әр учаскедегі егіннің түсуіне қарай іріктеп жүргізген, сынған масақтардың пісуі үшін оларды тікейтіп, кішкене ағаш қазықтарға байлап қойып отырған. Егіннің түгел жиналуы, ысырап болмауы, егінді дер кезінде жинап алу оның өнімін молайтудың барлық шаралары алынып отырды. Астық бастырылғаннан кейін әдейі құрылған комиссия дақылдың шығымдылығы туралы акт жасау жұмысын аяқтағанда, Шығанақ та, оның звено мүшелері де нақ мұндай табысқа жетеміз деп ойламаған еді. Бөлек бапталған 4 гектар егіннің әр гектарынан 201 центнерден өнім алынды. Осы жылы звено тек қосымша сыйлық ретінде 2900 пұт астық алып, оны түгелдей Совет армиясына көмек көрсету қорына қосты. Әлемдегі теңдесі жоқ өнім алғаны үшін Шығанаққа ауыл шаруашылығы Академиясынан құттықтау телеграмма келді. 1943 жылы Шығанақ Берсиев тарыдан ең жоғары көрсеткішке жетіп, дүниежүзілік рекорд жасағанда Одақ көлемінде тексеру комиссиясы ұйымдастырылды. Бұл комиссияның мақсаты осы рекордты өнімнің анық-қанығына жету болатын. Осы комиссияның құрамында Саратов ауылшаруашылық институтының профессоры В.Романов болды. В.Романовтың өзі де тарышы, селекционер-ғалым, тарының «Скороспелое-66» деген тұқымын шығарған, тары жөніндегі көптеген кітаптардың авторы, Одаққа белгілі ғалым. Осы тексеру барысы туралы В. Романов былай дейді: — Мен де және басқа да кейбір комиссия мүшелері гектарынан 201 центнерден тары өнімі алынды дегенде сенген жоқпыз. Себебі, Шығанақ Берсиев еш нәрсе оқымаған, қара танымайтын адам. Оның үстіне тарының кейбір биологиялық қасиеттері де ондай мол өнім беруге көнбейтін тәрізді. Ол кезде Американың кейбір жерлерінде тары 100 центнерге дейін өнім беретін. Біздер үшін сол өнім ең жоғары болып есептелетін. Сондықтан Москваға арнайы шақырылған американдық бір ғалым біздің комиссияға мүше болып енгізілді. Бұл сапардағы СССР Ауылшаруашылық Министрлігінің мақсаты Шығанақ Берсиевтің рекордты өнімін дүниеге жария ету еді. Атақты диқанның ауылына келе сала іске шұғыл кірісіп кеттік. Біріншіден жер көлемін өлшеп алдық. Онан соң сол звеноға бекітілген жердегі тарының өнімділігін анықтадық. Өнімділікті екі түрлі жолмен анықтадық: бірінші – биологиялық, екінші бір гектар жердегі тарыны таразыға тарту арқылы. Өнім рекордты екен, дәл шықты. Міне осындай тексеруден кейін Шығанақ Берсиевтің даңқы бүкіл дүниежүзіне мәлім болды.
Советтік агротехника ғылымына және социалистік егіншілік практикасына үлкен үлес қосқаны, агротехниканың озық үлгісін жасап шығарғаны селекциялық жақсарту жолмен жоғары өнімді. «Ойылдық ақ тарыны» шығарған үшін 1944 жылы 15 қаңтарда Шығанақ Берсиевке СССР Мемлекеттік сыйлығы берілді. «Правда» газетінің 1944 жылы сәуір айындағы бір санында даңқты Тары өсіруші «Дала академигі» өзінің жұмыс тәжірибесі туралы: «Біз тұқымды қолмен іріктеп алдық. Бұл өте қиын көп еңбекті қажет етеді, дегенмен біздің осындай егін өсіруімізді сол қамтемесіз етеді».
Егер әдетте мың түйір 5 гр салмақ тартса, біз бір мың данасы 7-8-9 гр салмақ тартатын тұқымды іріктеп алдық.
Бұл өнгіштігі мол, аса жоғары дәндер еді. Біз егінді суарған кезде мынадай ережені қатаң сақтадық: суды аздан, бірақ жиірек жіберу және бірден барлық егістікті суармай, ол тең берілетін болуы үшін клеткалар бойынша суаруды жүзеге асырдық. Таңертең және кешке суардық. Егістікке бірде-бір түйір арам шөп қалдырмағанымызды айтудың қажеті жоқ» – деп жаздырды.
1944 жылы Шығанақ Берсиевтің өміріндегі елеулі кезең болды. Ол осы жылы, жасының ұлғайғандығына қарамастан партия мүшелігіне қабылданды. 63 жасқа шықса да, оның бойында күш-қайраты, жігері мол болатын. Ол осы жылы тағы да Москва қаласында болып, егіншілік жөніндегі ірі ғалымдармен пікір алысты. Осы сапарында ол өз учаскесіндегі әр гектар жерден 240 центнерден өнім жинау үшін күресетіндігі жайлы пікір айтқан болатын. Шығанақ Берсиев бұл пікірді өз өмірінің бүкіл тәжірибесіне сүйене отырып айтқан еді.
Оның звеносы 1939 жылы көлемі 32 гектар тары егісінен орта есеппен 25,3 центнерден өнім алса, ал 1940 жылы осы жерден 87,5 центнерден, оның ішінде арнайы бақылауға алған 3,2 гектардан 125 центнерден тары алды. Ал 1942 жылы 40 гектар тары алқабынан әр гектарынан орта есеппен 105 центнерден, 6 гектарынан 175 центнерден өнім жиналса, 1943 жылы рекордтық өнім 4 гектар жердің әр гектарынан 201 центнерден өнім жинады.
Шығанақ Берсиевтің мол тәжірибесі кеңінен қолдау тауып, оның ізбасарлары сол кездің өзінде-ақ көптеп шыға бастады. Шығанақ Берсиевтің шәкірттері мен ізбасарлары Зауре Баймолдина, Әзиза Бектенова, Өксікбай Әшімбаев, Қашқын Соқыров, Қойлыбай Белесов және тағы басқалар гектарынан 60-160 центнерден өнім алды. Тарыдан осындай жоғары өнімдер алу Республикамызда бұл дақылдың зор мүмкіншіліктері бар екендігін айқын дәлелдеп берді. Қарапайым халықтың ең ортасынан шығып, өзінің аса зор еңбекқорлығымен, ізденгіштігімен, өмір тәжірибесін пайдалана білумен «Дала академигі» атанған Шығанақтың ой арманы оразан зор еді. Бірақ мейірімсіз ажал даңқты тарышыны мезгілсіз алып кетті. «Соцалистическое земледелие» газетінде бұрынғы көшпелі қазақтың баласы, қарапайым шаруаның қайтыс болуына байланысты еліміздің ірі ғалымдары қол қойған некролог шықты. Онда былай деп жазылды: «Шығанақ Берсиев тарыдан бітік өнім алу жөніндегі өзінің шеберлігін терең ғылыми–зерттеу мен практика арасындағы айырмашылықты жоюға дейін жетілдірді. Ол социалистік егіншілік шаруашылығын бағалы тәжірибемен байытты».
Шығанақ Берсиевтің өзі өлгенімен оның ісі, жарқын еңбегі ұмытылған жоқ. Халқымыз өзінің асыл да, аяулы ұлын әрқашанда қошеметпен еске алып қастерлейді. Республикамызда оның есіміндегі бірнеше көшелер бар, Ақтөбе қаласы мен Шығанақтың өзі туған жерінде ескерткіштер орнатылған. Ауыл орталығындағы орта мектепте Шығанақ Берсиевтің атында. Дала академигінің ерлік еңбегі бір қатар ақын жыршыларымыздың жырлары мен өлеңдерінің арқауы болды.
Атақты қазақ Совет жазушысы Ғ. Мұстафиннің «Шығанақ» атты көлемді шығарма жазды. Неміс ақыны Бертольд Брехт «Тары туралы» поэмасында Шығанақ Берсиевтің ерлік еңбегін жырлады. Халық шебері жайлы жазушы Г.Фиш «Болмасты болдырған адам» деген тамаша очерк жазды.
Бұл біздің бұған дейінгі даңқты диқан Шығанақ туралы әртүрлі ақпарат құралдары арқылы естіген, оқыған деректеріміз. Қырықтың қырқасына шыққан Шығанақтың алдында ел басына зобалаң болған ашаршылықта ауылына аман алып қалу мақсаты тұрды. Совет Үкіметі жазған рекорд туралы тіпті де ойлаған жоқ. Бірақ, уақыт ағымына ілеспеске амалы тағы жоқ еді. Бүгін Ұлы Жібек жолында орналасқан, тарихы тұмса, сырын қойнауына бүккен, ғасырдан асып жеткен үні бар киелі Көкжар жерінде, қасиетті Ойыл өңірінде атақты тарышы Шығанақ Берсиевтің 140 жылдығына арналған «Ақ тарының атасы — Шығанақ!»  атты өңірлік танымдық конференция өтті. Рас, ұлы диқанға арналған мерекелік шара кеше басталды. Ұйымдастырушылар ат шаптырып, ас та, төк той өткізуге тырысқан жоқ. Бүгінгі буын ой түйетін, кейінгілерге ой салатын танымдық шаралар өтті. Сондықтан да бүгінгі конференция жұмысына арнайы қонақ ретінде Шығанақ ата ұрпақтары, облыс аумағында тұрып жатқан жерлес ақсақалдарымыз бен түрлі қызметтерде жүрген атқамінер азаматтарымыз шақырылды және де тыңдаушы ретінде мекеме басшылары, мектеп директорлары, тарихшы оқытушылар, жастар қатынасты.
Конференция жұмысын ашқан Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев та өз құттықтауында тойдан тобықтай түйін түю үшін осындай танымдық, тағылымдық шаралар ұйымдастырылып отырғанын баса айтты.
Шығанақ – елдің еңбек тарихындағы ұлы тұлға. Шығанақ тақырыбына жазылған деректі және көркем шығармалар бар. Бірақ, атақты диқан Шығанақтың еңбегін рухани байлыққа айналдырған шаралар мен әңгімелер ешқашан артықтық етпейді. Шығанақ есімі мен өнегесі — қазақ халқы үшін диқанның қасиетті еңбегінің тозбас өнегесіне, қарапайым еңбек адамының халықтық идеалына айналды. Осы өнеге, осы идеал – мәңгілік. Шығанақ өнегесі, әсіресе, қазақ ұлты тәуелсіз ел болып, әлемдегі озық елдермен терезесі тең болып отырған кезде бұрынғыдан да қымбат, қастерлі өнегеге, ұлттың идеалына айналды. Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында көрсетілген таяу жылдардағы белгіленген міндеттер мен берілген нақты тапсырмаларды жүзеге асыру, «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласының «Ұлы есімдер» жобасы аясында Ш.Берсиевтің өмірі мен еңбегін кеңінен танытуды көздеген шарада ақ тарының атасы Ш.Берсиевтің 140 жылдық мерейтойын атап өтудің ғылыми тұрғыдан маңыздылығын арттыруға мән беріліп отыр. Жас ұрпақтың санасына ақ тарының атасы Ш.Берсиев туралы терең мағлұмат сіңіріп, тарихи есімдерімізді қастерлеуге баулу, туған жердің тарихын түгендеу, құнды жәдігерлерімізді қамқорлыққа алу, тұлғаларымызды тану және олардың есімдерін жаңғырту – бұл конференцияның басты мақсаты.
Конференцияның негізгі баяндамасын жасаған КСРО Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры, «Ойыл ауданының Құрметті азаматы» Идош Асқар ағамыз «Шығанақ бейнесі — көркем және деректі әдебиеттерде» атты тақырыпта баяндамасында Шығанақтың адами болмысы, кісілік келбеті, қайырымдылығы қай шығармада да толық ашылмағанын тілге тиек етіп, біз жоғарыда келтірген неміс ақыны Бертольд Брехтың «Тары» поэмасындағы, жазушы Г.Фиш «Болмасты болдырған адам» деген очеркіндегі Шығанақтың «бейнесі» шындыққа жақын екенін жасырмады. Өзінің Шығанақ туралы зерттеуіне, ізденісіне түрткі болған жайды да жасырмай, Шығанақтың баласымен кездескен сәтті баяндады. Ал, ақын-драматург, өнер зерттеушісі, ҚР-ның педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, «Мәдениет саласының үздігі» Нұрлыбек Қалауов ағамыз «Ш.Берсиев — қазақ елінің еңбеккері-төлқұжаты» тақырыбында баяндамасында Шығанақ атамыздың бізге беймәлім кейбір қырларына көбірек тоқталды. Шығанақты дәріптеу, ұрпаққа үлгі ету шараларын жиі өткізіп, жастарды зерттеу жұмыстарына шақырды.
Ойыл, Шығанақ туралы ән мен жыр қатар өрілген кеште Шығанақ атаның ұрпақтары атынан сөз алған Мұқамбетқали Ешмұқанов ұйымдастырушыларға алғысын жеткізсе, атақты тарышының ізбасары суармалы тары өсіріп отырған «Жақып» шаруа қожалығының төрағасы Жұмабай Жақып өзінің тәжірибесін жеткізіп, тары өсіру арқылы жеткен жетістіктерімен бөлісті.
Конференция соңында аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы Шығанақ атаның ұрпақтары мен бірқатар қонақтарға «Ойыл ауданына 100 жыл» мерекелік медалын табыстап, иықтарына шапан жапты. Ауыл шаруашылығы саласының еңбек ардагері Елубай Қалиев ағамыздың омырауына «Ойыл ауданының құрметті азаматы» төсбелгісін тақты.

Р.S.
Конференция барысында аудандық мәдениет үйінің фойесінде аудан қолөнер шеберлерінің туындылары мен арнаулы бұйымдар көрмесі ұйымдастырылды.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар