ӘлеуметБасты тақырып
Аудан әкімінің сенбідегі сапары
Қараталдықтардың басты мәселесі - жол екені бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Мұндай мәселе көп қаражатты қажет ететіндіктен тез арада шешімін таппайтыны тағы рас. Әйтсе де, әйгілі диқан, ақ тарының атасы Ш.Берсиев пен сынықшы Сүлеймен әулие жатқан киелі топырақтың басты мәселесі шешімін тауып келеді. Қазіргі таңда жолды тегістеп, қатқылдандыру жұмыстары бітуге аз қалды. Сәтін салса, аталған жұмыстар толықтай аяқталысымен ел игілігіне беріледі.
Міне осы орайда жолдың сапасына алаңдаған аудан әкімі Асқар Қазыбаев таң ертемен жасалынып жатқан жұмыстарды бақылап, толықтай аралап шықты. Жол жөндеушілермен тікелей жүздесіп, жолдағы кейбір ой-шұқыр жерлерді реттеуді және оған төселетін қатқыл тасты қалыңдатып жаюды талап етті. Одан кейін аудан басшысы Асқар Қайырғалиұлы Барқынның батыс жақ бүйірінен орын алған балалардың жазғы демалыс лагеріне арнайы барып, бос уақыттарын табиғат аясында өткізіп жатқан оқушылармен кездесті. Әрі қарай «Ескі көпір» аталатын Ойыл өзенінің бойынан 6 гектар жер алып, қарбыз, қауын, қияр сынды өнімдерін егіп, түйір дәннен түйнек шығарып, еңбектеніп жатқан кәсіпкер Темірбек Жауынбаевтың бау-бақшасына арнайы ат басын бұрды. Қарбыз-қауынның бірнеше түрін еккен бағбанның жұмысымен танысты. Апталаған ыстықта маңдай терлетуге енжарлық емес, шыдамдылық керек. Сондықтан «Алма піс, ауызыма түс» деген болмайтын нәрсе екені шүбәсіз. Айта кетсек, туған жердің топырағына тамыр жайып, өзенімен суарылған табиғи таза өнімді сұраушылар көп. «Не ексең, соны орасың» демекші, Темірбектің өнімдері әбден пісіп тұр.
P.S. Қазіргі таңда Темірбектің тәп-тәтті қарбыздары сатылымға шығарылуда.
Муса Әділбайұлы.