ӘлеуметСпорт

Еске алу турнирі — ізетті істің үлгісі

Кеше аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде шағын футболдан ұзақ жылдар аудандық полиция бөлімін басқарған аяулы азамат Өтеміс Төрехановты еске алуға арналған аудандық турнир өтті. Туринирге алыс-жақыннан Өтеміс ағамен үзеңгілес еңбек еткен әріптес аға-інілері мен ізбасарлары келді. Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев аудан басшысының құттықтау лебізін жеткізсе, 1980-1988 жылдары аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болған Бақытжан Дәрменқұлов пен жерлесіміз Елемес Шотановтар Өтеміс аға туралы естеліктер айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аудан орталығындағы мекемелерден жасақталған бес команда қатысқан жарыста әуелден футболдан өткен аудандық туринирлердің көш басынан көрініп жүрген аудандық полиция бөлімінің жігіттері жеңімпаз атанды. Екінші орын аудандық өртке қарсы қызмет бөлімі жігіттерінің еншісіне тисе, үшінші орынға аудандық күзет қызметінің жігіттері қол жеткізді. Сонымен қатар, алаңдағы үздіктер де құр қалған жоқ. Аудандық өртке қарсы қызмет бөлімінің қызметкері Бақыт Жоламан «Үздік қақпашы» атанса, аудандық күзет қызметінің қызметкері Жансерік Айтқұл «Үздік қорғаушы» болды. Ал, турнирдің «Үздік шабуылшысы» жүлдесіне аудандық полиция бөлімінің қызметкері Дархан Ермағанбетов лайық деп танылды.
Р.S. Осы турнирге арнайы келген ішкі істер саласының ардагерлері бүгінгі ізбасарларымен кездесіп, аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысып, аудандық музейде болды.

Басқа жаңалықтар