ӘкімдікБасты тақырып

Қаратал абаттанды, Көптоғай көркейеді

Әдеттегідей биыл да аудан әкімінің есеп беру кездесуі ақ тарының атасы Шығанақтың ауылынан басталды. Алдымен ауыл әкімі Әділбек Ізбасов тұрғындарға округ аумағында өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы міндеттерді жеткізсе, аудан әкімі Асқар Қазыбаев негізінен биылғы жылы атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

Жыл соңында округ орталығы Қаратал селосына көгілдір отын құбыры қосылды. Алайда, айта кету керек, Қараталдағы 236 үйдің 50 шақтысы ғана газ құбырын қосты. Өздері асыға күткен газды қосуға тұрғындардың асықпай отыруының негізгі себебі — тұрғын үйдің құжатындағы қателіктер. Яғни, уақытында мән бермеген нейқұрайлылық.
Аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлының айтуынша, өткен жылғы кездесулерде тұрғындар тарапынан көтерілген аудандық маңыздағы автокөлік жолдарын жөндеу, елді мекендерді таза ауыз сумен, ұялы байланыспен қамту, типтік үлгідегі спорт алаңдарын салу және әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелерi іс-шаралар жоспарына енгізіліп, толық орындалды. Оның ішінде аудандық бюджеттен 7,2 млн. теңге бөлініп, жалпы сметалық құны 763,2 млн.теңге тұратын 6 елді мекеннің кіре беріс автокөлік жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, Ойыл ауылдық округінің Қаракемер, Ақшатау елді мекендері ұялы байланыспен қамтамасыз етіліп, 268,5 млн.теңгеге 6 елді мекен таза ауыз сумен қамтылып, 28,0 млн.теңгеге4 елді мекенде типтік үлгідегі жасанды-жамылғылы спорт алаңдары салынып пайдалануға берілді.
Ауданға инвестиция тарту негізінен шаруашылықтардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы арқылы жүзеге асып жатыр. Мәселен, бір ғана «Еңбек» бағдарламасы арқылы «Ауыл шаруашылық қаржылай қолдау» қорынан 52 жоба бойынша 272,0  теңге несие алынса, «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы аясында «АгроБизнес», «Іскер» бағдарламаларымен қолдау көрсетіліп, 7 жоба бойынша 276,0 млн. теңге көлемінде несие алған. Ал, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында былтыр  Саралжын ауылдық округіндегі «Ербазы» шаруа қожалығы 70 бас сауын сиырмен  тауарлы сүт фермасын ашса, Ойыл ауылдық округіндегі «Тұлпар» шаруа қожалығы 17 бас аналық жылқымен қымыз өндірді.
«Еңбек» бағдарламасы аясында еңбектің көзін іздеген 84 адам «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыса, жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін 71 адамға өз ісін ашу үшін 41млн. 420,8 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант берілді. Биылғы жылы болса, бұл жоба бойынша қаражат екі есе ұлғайтылып отыр.
«Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында 37 жоба бойынша 110,6 млн. теңге несие алыныпты. Сонымен қатар,  2 кәсіпкерге жылыжай және алма бағы үшін 7 млн. теңге қайтарымсыз мемлекеттік грант алуына қолдау көрсетілді.
Жалпы, өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында аудан бойынша кәсіпкерлікті дамытуға 389,0 млн.теңге несие алынды. Бюджеттен тыс жеке қаржылармен 853,0 млн.теңге инвестиция салынып, 1 жанар-жағармай құю стансасы, 1 монша, 5 тамақтану орындары-дүкендер ,1 балалар ойын орталығы салынып, іске қосылды.
Ал, мемлекеттің тарапынан бөлінетін қаражатқа тоқталар болсақ, биыл Қаратал ауылында спорт зал  ғимаратын салу үшін облыстық бюджеттен 262,7 млн. теңге қаржы бөлініп отыр. Сондай-ақ, Көптоғай ауылында 4 көшеге асфальт төсеу үшін республикалық бюджеттен 158,7 млн. теңге бөлінсе, Көптоғай ауылдық округінің Қарасу және Шұбарши ауылдарына орталықтандырылған ауыз су құбыры құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сонымен қатар, Көптоғай ауылында ауылдық округке заманауи үлгідегі әкімдік пен хоккей кортын салуда биылғы жылдың еншісінде.
«Абаттандырылған ауыл» бағдарламасы арқылы былтыр Қараталда көп жұмыс атқарылса, биыл Көптоғайды көркейтуге күш салынбақ. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға келер болсақ, Қараталдағы кездесуде еңбек ардагері Мәтжан Сембіғалиев ауылдағы амбулаторияның бала күтімімен отырған дәрігерінің орнына уақытша дәрігер қажеттігіән алеға тартып, жедел жәрдем көлігін жаңғыртуды ұсынса, ауыл тұрғындары Ерсұлтан Максимов ауылға балалардың ойын алаңы қажеттігін айтады. Ал, Кенжебай Ақниязов Ойылмен екі арадағы жолды қыс мезгілінде тұрақты тазалауды өтінеді.
Көптоғайдағы кездесуде де алдымен ауыл әкімі Ерлан Асылбаев өткен жылдың жемісін сараласа, аудан әкімі алдағы міндеттерді баяндады. Көп жылдан бері көгілдір отынды күтіп отырған ауыл тұрғындары болса, «жыр болған» жолдың жайы мен тарылып бара жатқан малдың өрісін айтады.
Екі ауылда да тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға ауыл әкімдері мен аудан басшысы және көтерілген мәселелерге орай мекеме басшылары жауап берді.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл – Қаратал – Көптоғай – Ойыл.

Басқа жаңалықтар