Әлеумет

Қоғамдық ортадағы қылық мәдениеттің куәсі ме?

Біз бүгінгі қоғамдық ортада «Этика» сақтап жүрміз бе? Міне бұл сауалға тікелей жауап беру қиын. Өйткені кейбір қоғамдық жерлерде темекі тарту, шемешке шағу, тұрмыстық қалдықтарын тастап кету немесе боқтау сөздер айту сынды бейәдеп әрекеттер мен оғаш қылықтар көрсетіп жататындар аз емес.

Осы орайда өткен бейсенбіде Ш.Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінде аталған ұжымның ұйытқы болуымен «Қоғамдық ортадағы этика» атты пікірлесу сағаты өтті. Оған аудандық ардагерлер кеңесі мүшелері, аудандық сот және бірқатар мекеме басшылары мен қызметкерлері қатысты. Онда алдымен қоғамдық ортадағы қолайлы он әрекет бойынша бейнебаян көрсетілді. Музей директоры Балқия Рысбаева пікірлесу кешіне жиналғандарға өзіндік ойларын ортаға салып отыруға ұсыныс білдірді. Еңбек ардагері Тілеген Алданаев қазіргі қоғамдағы өзекті әрекеттердің бірі адамды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі кезіндегі тұрпайы қылықтарға көңілі толмайтындығын ашық айтты. Себебі қаза болған үйдің қайғысына ортақтасып бара тұра, қарқылдап күліп әңгіме айту, тіпті карта ойнаудың өзі артықтық екенін жеткізді. Оған қоса ауруханадағы ақ халаттылардың науқастармен сөйлесу кезіндегі этиканың төмендігіне де тоқталып өтті. Ал, аудандық соттың төрайымы Сәуле Танимова «Әр бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» — деген ойын нақты айтып берді. Одан кейінгі кезекте Сәрсенбай Аманғосов қоғамдық ортадағы жастардың жағымсыз әрекеттеріне талай куә болып жүргенін тіпті өзі отыратын жердегі кейбір жас басшылардың өзін-өзі ұстай алмай дөрекі сөздермен қызметкерлеріне қатты дауыс көтеріп жататындығын жасырмады. Міне бұл еңбек ардагерлері айтқан әрбір сөз қазіргі қоғамның айқын көрнісі. Сондықтан мұндай әдеттерді болдырмас үшін баланы тал бесіктен тәрбиелеу керектігін ортаға салды. Еліміздің ертеңгі тұтқасын ұстайтын бүгінгі жастарымыз болашаққа намысшыл, ұлтшыл рухмен қадам басуы үшін, қоғамдық ортадағы өзін-өзі ұстау этикасын сақтай білулері талқыланды. Сонымен бірге селомыздағы сауда мәдениеті сынды көпшілік көкейіндегі проблемалар айтылды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар