Білім

Айтулы мерекеге мектеп оқушылары да үн қосты

1 желтоқсан Тұңғыш Президент күні қарсаңында ауданда көптеген іс-шаралар өткізілді. Әсіресе білім ошақтарында өткен шараларда әр оқушының «Мен де Президент болсам?» деген асқақ армандарына куә болып қайттық. Оқушылардың осындай арманға ұмтылуларына мектептерде өткен ашық сабақтар арқау болған тәрізді. Тұңғыш Президентіміздің өмір жолын бейнебаян арқылы тамашалаған жас бүлдіршіндеріміз биікке құлаш сермеу үшін бірінші білімге ұмтылу керектігін түсінді. Сондықтан кемеңгерлігімен көш бастаған тұлғаның ел үшін атқарған еңбектерін сүйсіне тыңдады. Айтулы мерекеге арналып, Ойыл қазақ орта мектебінде өткен ашық тәрбие сағатына аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев арнайы қатысты. Оқушыларды Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, өзінің оқушы кезінде Тұңғыш Президентпен тікелей жүздескен кездегі сезімімен бөлісті. Рас, ол да сол кезде Президент болмаса да елімізде адал, абыройлы қызмет етуді армандады. Қазір арманы орындалып, ел үшін, болашақ үшін адал қызмет етіп келеді. Сондықтан болар аудан әкімінің орынбасары айтқан салмақты сөздері оқушыларға айрықша әсер берді. Келесі кезекте ата-аналар комитетінің төрайымы Гүлайым Қаплиева оқушыларға білім мен тәртіпті тең ұстауға кеңес беріп, әрдайым ізденіс үстінде үздік оқуға шақырды. Ал, осы мектептің директоры Шынар Бисенова барша мектеп ұжымын айтулы мерекемен құттықтап, мектептің қоғамдық өміріне белесене араласқан оқушыларға алғыс хаттарын табыстады. Айта кетсек, ашық тәрбие сағаты барысында мектеп оқушыларынан құралған өнерпаздар мерекеге үн қосты.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар