Экономика

Биыл 70 жас отбасы баспаналы болады

Жастар — кез келген мемлекеттің ең үлкен қозғаушы күші және болашақтың кепілі. Олардың білімі, еңбекқорлығы және ұмтылысы елдің дамуы мен өркендеуіне тікелей әсер етеді. Былтыр елімізде жастармен жұмыс істеудің басты бағыты айқындалды. Бұл — «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген міндеттер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында бұл тұжырымдаманың адалдық, әділдік және еңбекқорлық сияқты құндылықтарды насихаттауға негізделгендігін атап өткен болатын. Бұл орайда жастарды жұмыспен қамту, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету және мансаптық мүмкіндіктерін кеңейту мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерінің біріне айналды.

Мемлекеттік қолдау аясында былтыр облыс жастары арнайы жұмыспен қамту іс-шараларына тартылып, бұл көрсеткіш жалпы еңбекке орналасқандардың 41 пайызын құрады. Аймақта жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі жылдық есеппен салыстырғанда 0,3 пайызға төмендеді. Бүгінде түрлі бастамалардың арқасында өңірімізде NEET санатындағы жастар үлесінің азайғандығы айқын көрінеді.
Жастарды баспанамен қамту мәселесі де өзекті бағыттардың бірі. Мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар аясында жас азаматтарға қолжетімді тұрғын үй бөлу және жеңілдетілген несие тетіктерін қарастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның бір көрінісі — облыс әкімдігі «Отбасы банкі» акционерлік қоғамымен бірлесе, жұмыс істейтін жастарға арналған «Ақтөбе жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасын іске асырып жатыр. Бүгінде 32 жас отбасы баспаналы болды. Биыл 70-ке жуық жас отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз.
Мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттемелерінің бірі — жастардың мансаптық мүмкіндіктерін дамыту. Бұл бағытта нақты жобалар жүзеге асырыла бастады. Яғни мұндай жобалар жастардың білім алуына, жұмысқа орналасуына, кәсіпкерлікпен айналысуына және баспана алуына айрықша мүмкіндік береді.
Қоғамда жастардың дамуы және оларға қолдау көрсету мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие. Жоғарыда атап өткенімдей, жастарды қолдауға бағытталған бағдарламалар негізгі салаларды қамтып отыр. Алдағы уақытта жастардың әлеуетін толық жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып, әлеуметтік қолдау іс-шаралары кеңейе береді. Бұл олардың өзін-өзі дамытуына, қоғамға үлес қосуына және еліміздің өркендеуіне атсалысуға жол ашады.

Мирхан ЕРМАҒАНБЕТОВ,
облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы.
aqtobegazeti.kz

Related Articles

Back to top button