
Ш. Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының алдында ұйымдастырылған бұл шараға Жолмырзаев, Құрманғазин, Қойшығұлов, Дауленов көшелерінің тұрғындары жиналып, қазақтың дархан дәстүрін көрсетті. Мерекені Ойыл аудандық әкімдігі, аудандық мәслихат, «Аманат» партиясының аудандық филиалы, Ш. Берсиев атындағы музей, аудандық архив және Ш. Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясы бірлесіп ұйымдастырды. Бұл күннің басты ерекшелігі – Наурыздың «Жаңару күні» ретінде атап өтілуі. Халқымыздың сан ғасырлық дәстүрі мен рухани құндылықтары дәріптелген бұл той нағыз жаңару мерекесі десек қателеспейміз.
Мерекелік дастарқанның сәнін көшелердің тұрғындары әзірлеген ұлттық тағамдар келтірді. Наурыз көже, бауырсақ, қымыз, құрт секілді дастарқан дәстүрін жаңғыртқан дәмдер көпшілікке ұсынылды. Бұл қазақтың қонақжайлығын паш еткен нағыз халықтық мереке болды. Сахна төрінде домбыра күмбірлеп, халық әндері шырқалды. Жергілікті өнерпаздар ұлттық киіммен сахнаға шығып, дәстүрлі әндер орындап, күй шертіп, мерекенің шырайын кіргізді. Бүлдіршіндер мен оқушылардың өнері көпшіліктің қолдауын тапты.Тек ән мен жыр емес, ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Арқан тарту, асық ату, қол күрес сайыстарында ауылдың жасы да, кәрісі де намысқа тырысып, жарыстың көркін қыздырды. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталып, мереке шырайлы жалғасын тапты. Мерекелік шарада сөз алған Мұратбай Айдарбаев көпшілікті ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, бұл күннің бірлік пен ынтымақтың, ұлттық құндылықтарды сақтау мен дамытудың мерекесі екенін атап өтті. «Наурыз – баршамызға береке мен қуаныш әкелсін!» – деген жылы лебізін білдірді.
Ойылда өткен бұл мереке – қазақ халқының ұлы тойының шынайы көрінісі. Бұл күн тек көктемнің келуі ғана емес, бірліктің, жаңарудың, ұлттық дәстүрдің салтанат құруы. Осы сынды мерекелер арқылы халқымыздың мәдениеті ұлықталып, ұрпаққа өнеге болып қалмақ.