Әлеумет
Кәсіпкерге көмек көп, өріс кең!
Ауданда 821 шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері тіркелген. Үкімет тарапынан қолдауға ие мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несиелер алып, кәсіп ашып, шаруасын дөңгелетіп отырғандардың саны артып келеді. Тарқатып айтсақ, ауданымызда 328 шаруа қожалығы, 493 жеке кәсіпкер бар.
Жуырда Ақтөбе облысы кәсіпкерлік палатасы Ойыл аудандық филиалының 2019 жылғы атқарылған жұмыстары бойынша кезекті есеп беру жиыны өтті. Есеп беру жиынына Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директоры Анар Даржанова, Ойыл ауданының кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі Талғат Күмісқалиев және бірқатар жеке кәсіпкерлер қатысты. Аудан көлемінде кәсіпкерлікті дамыту және кәсіпкерлерді қолдау, олардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысу белсенділігін арттыру үшін жоғары аталған кәсіпкерлік палатасы ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Жасалған жұмыстар жөнінде менеджер-кеңесші Лаззат Абдураймова баяндама жасады. Өткен жылы кәсіпкерлік негіздеріне бағытталған «Бастау-Бизнес» оқыту бағдарламасы арқылы 203 адам оқытылып, олардың ішінен көпбалалы, аз қамтылған отбасылар және мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жұмыссыз жастар қатарынан жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 60 адам 27,465 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болып, өздерінің жеке кәсіптерін ашты. Оның ішінде 12 адам — 252500 теңге, 47 адам — 505000 теңге. 1 адам — 700000 теңге грант алған. Нәтижесінде, 2 шаштараз, 5 адам сәндік салонын, 2 адам шағын тігін орнын, 1 адам тоқыма, 2 адам шағын наубайхана, 1 френштейшин ашып, одан бөлек тауық, каз, ұсақ мал мен ірі кара малдарын алғандар да бар. Өткен жылы аудан орталығында «Бизнес-кеңесші» бағдарламасы бойынша 57 адам тегін оқып, 49 адамға Онлайн сертификаты берілген. Оған қоса 12 кәсіпкер 66 миллион 800 мың теңге, «Бастау-Бизнес» бойынша 32 кәсіпкер 104 миллион 800 мың теңге несие алған. Ал, жиын үстінде жеке кәсіпкерлер тарапынан несие, грант бойынша сауалдар қойылса, жиында көтерілген сауалдар бойынша сала мамандары тұщымды жауаптарымен әлі де несие алып, кәсіптерін кеңейтуге кеңес берді.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.