Мәдениет

ХАЛЫҚТЫҢ «АҚ ӘЖЕЛЕРІ»

Әжелерімізді зейнеткерлік жасқа жетіп, қалған өмірін үйде отырып бала-немере бағып, немесе оны-мұны шаруасын жасайтын адам ретінде ғана қалдырамыз. Солай мойындаймыз. Қоғам жұмысынан жырақтап қалған оларды тек үй шаруасындағы жан деп күнделікті  күйбең тірліктің тұсауына тұсап қоюымыз дұрыс па? Әрбір әженің бойында қаншама тарих, тәрбие мен тәжірибе жатқан әлдебір кәсіптің иесін тек үйдің ғана абыройына пайдаланғанымыз жөн бе? Ал өнерлері болса, өле-өлгенше қалмайды. Сондықтан асыл қазыналарымызды зеріктірмей, үйдегі бос уақыттарын тиімді өткізе білсек, салт-дәстүрімізді насихаттап, ұрпаққа ұлттық сананы сіңіруде ықпалы өте зор.

Ал біздің халықтың «Ақ әже» аньсамблі осындай мақсатпен пайда болды. Бүдан он жыл бұрын тұсауы кесілген топ осы уақыт ішінде аз белесті бағындырмапты. Жоғарыда айтқандай жеке жеке болып тек бір әулеттің емес, топ болып бірігіп ауданның абыройын әлденеше рет еселеді. Байқауларда топ жарды. Күміс көмей, бұлбұл дауысты әжелеріміз әлі де  көрермендердің көзайымы.

2008 жылдан бастау алған топ қазіргі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Шамшырақ Сәдуақасқызының бастамасымен құрылды.

Жетекшісі аудандық мәдениет үйінің музыка сүйемелдеушісі Асанғалиев Артур Серікбайұлы. Мақсатын жоспарлы түрде іске асырып жүрген «Ақ» әже» одан кейін түрлі клубтардың көшін бастады. 2009 жылы «Халықтық» атағын алған «Ақ әже» халықтық ансамблі репертуары халық әндері мен қазіргі қазақ сазгерлерінің әндеріне бай. Ұлттық мерекелерімізде салт-дәстүрден көрініс көрсетіп, халық әндерін орындаса, мәдениет үйінің жоспарына сәйкес өткізілетін аудандық, облыстық мәдени шараларда әжелер топпен және жекелей де ән салып көрермен көңілінен шығып,  ансамбль жыл аяғында есеп концертін беріп көрермендерін қуантуда. Сонымен қатар облыстық байқауларға қатынасып жүлделі орындарға ие болуда.

2012 жылы «Халықтық» атақтары бар ұжымдар арасындағы «Ән қанатында» атты аймақтық байқауға қатынасып, белсенділік танытқаны үшін марапатталса, 2013 жылы Қобда ауданында өткен облыстық «Әжелер ән салады» атты әжелер байқауында І орын, 2014 жылы Темір ауданында өткен облыстық «Әжелер ән салады» байқауының ІІІ дәрежелі жүлдегері. Сонымен қатар 2012 жылы аудан көлемінде аналарды ортаға тарту мақсатында «Замандас» аналар клубы құрылды. Әжелеріміз ұлттық салт-дәстүрді насихаттауға байланысты мәдени шаралар өткізіп, аудан орталығындағы мектеп оқушыларымен, колледж студенттерімен түрлі тәрбиелік шарада жиі кездеседі. Жас отбасылары мен мектеп жасындағы балаларға рухани көмектесу, аудан көлемінде өткізілген шараларға атсалысу әжелердің негізгі міндеттері. Және сол міндеттерін еш мүлтіксіз орындап келеді.

Клубтың алға қойған тағы бір міндеттерінің бірі – ауылдық округтерден филиалдар ашу болса, бүгінде  Саралжын ауылдық округінің «Парасат», Қараой ауылдық округінің «Тағылым», Көптоғай ауылдық округінің «Ұлағат», Қайыңды ауылдық округінің «Өнеге», Берсиев ауылдық округінің «Шаңырақ», Сарбие ауылдық округінің «Шапағат» және Ойыл ауылдық округіне қарасты Екпетал елді мекенінің «Асыл әже» аналар клубтары ашылып, жұмыстарын жүргізуде. 2017 жылы «Замандас» клубының 5 жылдық мерейтойы аталып өтті. Аудандық, облыстық деңгейдегі шараларда аналар клубы өз үлестерін қосуда.

Аналарымыз өз білгендерін әрқашан ортаға салып,қоғамдық өмірлерінде де әртүрлі бағытта түрлі істермен айналысады.

Сөйтіп біздің ақ кимешек киген «Ақ әжелеріміз» облыс көлемінде де танымалдыққа ие болды. Биыл «Ақ әже» халықтық ансамбліне 10 жыл толуына орай атаулы күнді қазан айында аймақтық дәрежеде атап өту жоспарланып отыр.

Самат НАРЕГЕЕВ.

 

Басқа жаңалықтар