ОЙЫЛ — ОБЛЫСТЫҢ ДИАЛОГТІК АЛАҢЫ

Өткен аптада Ойыл ауданында «Қоғам. Отбасы. Тәрбие» тақырыбында облыстық деңгейдегі диалогтік алаң аясында секциялық отырыс өтті.
Іс-шараға облыстық, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, әдістемелік кабинет қызметкерлері, мектеп директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар, сынып жетекшілер, әлеуметтік педагогтер мен психологтер қатысты. Бала тәрбиесінде отбасы, мектеп, қоғам және мемлекеттік құрылымдардың өзара байланысын нығайту, құқықбұзышылықтын алдын алу, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие берудің тиімді жолдарын анықтау,сондай-ақ ұрпақ тәрбиесіне барша қауымның ортақ жауапкершілігін арттыруды көздеген кездесуде бала тәрбиесінде қоғам мен отбасы рөлін күшейту, мектеп пен ата-ана арасындағы тығыз ынтымақтастықты орнату, тәрбиенің тиімді жолдарын бірлесе қарастыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Семинардың тізгінін ұстаған Ақтөбе облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Асхат Ізбасар «Білім беру жүйесінде отбасы мен мектеп ынтымақтастығын нығайту» туралы өз ойын ортаға салса, «Бала тәрбиесі – тұрақты қоғамның іргетасы» екенін Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Тәңірбергенова онлайн жүйесінде өзінің ойын өмірдегі нақты мысалдармен жеткізді. Ақтөбе қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналдық полиция тобының аға инспекторы Манарбек Қойшыбаев «Тәртіп пен тәрбие: отбасы мен қоғамның бірлескен міндеті» деген тақырыптағы баяндамасын бірнеше бейнеролик арқылы толықтырса, Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Айгүл Аманжолова «Салауатты ұрпақ – жарқын болашақ кепілі» деген тақырыпты ұлттың болашағымен ұштастырып түсіндірді. Республикалық «Дәстүрге жол» аналар бірлестігінің мүшесі, медиатор Бибігүл Әбілдаева «Отбасы құндылықтарының бала тәрбиесіндегі рөлі» мен бала тәрбиесіндегі әлсіреп кеткен әкенің ықпалын қалай көтеру керек? – деген сауалға өмірлік тәжірибелерімен жауап берді. Ақтөбе қаласы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп-лицейінің ата-аналар комитетінің төрағасы Ерлан Отарбай «Бала тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілік» туралы сөз қозғаса, «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығы директорының орынбасары, психодрама терапевті Медеухан Жасжанова «Бала амандығы мен ата-ананың психологиялық салауаттылығы» жайлы жан-жақты кеңес берді.
Отырыс барысында қоғам мен отбасының бала тәрбиесіндегі рөлін күшейту, мектеп пен ата-ана арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері жан-жақты қарастырылды.
Ал, секциялық жұмыстар үш негізгі бағытта өтті. Педагогтерге арналған бағыт– білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын жетілдіру, құқықбұзушылықтың алдын алу, оқушыларға қауіпсіз орта қалыптастыру жолдары қарастырылды.
Ата-аналарға арналған бағыт – отбасы тәрбиесінің маңызы, ата-аналық жауапкершілік және бала мен ата-ана арасындағы сенімді қарым-қатынас мәселелері қозғалды.
Оқушыларға арналған бағыт– тұлғалық даму, қақтығыстардың алдын алу, психологиялық қолдау және жасөспірімдердің мәдениеті тақырыптарында кездесулер мен тренингтер ұйымдастырылды.
Отырысқа қатысушылар мектеп – отбасы – қоғам арасындағы серіктестіктің бала дамуына ықпал етудегі ерекше маңызын атап өтті.



