Басты тақырыпМәдениет
Қазан айындағы қос жүлде
Теңел Омаров — ауданымызда қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көшін сүйреп жүрген жалынды жас әншілеріміздің бірі де, бірегейі. Көмейіне бұлбұл ұялаған әнші жігіт Ойыл аудандық балалар музыка мектебінде дәстүрлі ән класынан сабақ береді. Ауданымызда кенжелеп қалған дәстүрлі ән өнерін кеңінен насихаттап жүрген Теңел домбырамен ән салудың қыр-сырына оқушыларды баулып жүрген педагог-модератор санатындағы ұстаз. Шәкірттері де жетістіктерден кенде емес. Ақтөбе, Астана қалаларында өткен «Әнші дауысы», «Бақытты балалық шақ», «Аstana stars», «Бала дауысы», «Я талант», «Үміт» сынды облыстық, республикалық байқаулардың лауреаттары болып, мектеп мерейін асырып келеді. Теңелдің өзі де ұстаздық етумен қатар аудандық мерекелік салтанатты шараларда өнерімен көрерменді тәнті етіп, шеберлігін шыңдау мақсатында байқауларға да қатысып топ жарып жүр. Бұған дейін бірнеше байқаудан жүлде алып келген әнші жігіт қазан айында қос бірдей жүлдені қанжығасына байлады. Қобда ауданында өткен облыстық «Бабалар үні» фестиваль байқауынан да, Шалқар ауданында өткен «Даланың дарабоздары» атты әнші, композитор Сары Батақұлы, суырыпсалма ақын Сарышолақ шайыр Боранбайұлы және ақын Әлима Қабылқызына арналған облыстық термешілер байқауынан да жүлделі 1 орынға ие болды. Қазақтың дәстүрлі ән өнерін өскелең ұрпаққа насихаттап жүрген Теңелге шығармашылық шабыт тілейміз!
Л.Сабиржанова,
Ойыл аудандық балалар музыка мектебінің директоры.