ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУДЕ БАЛАЛАР КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҮЛЕСІ ҚАНДАЙ?
Өткен аптада аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Ұлттық біртұтас тәрбие беруде балалар кітапханасының маңызы»: жаңаша көзқарастар мен тәжірибе алаңы» атты аудандық семинар-тренингі өтті.

Семинар бүгінгі таңдағы ең өзекті тақырыпты қозғап, ауыл кітапханашыларына тәрбие мен ақпараттың орталығы — балалар кітапханасының жас ұрпаққа ұлттық рухани тәрбие берудің жаңаша бағыттарын ұсына отырып, тәжірибеге алудың жаңа формаларын ұсынды. Ұлттық біртұтас тәрбиенің бастауында — ұлттық құндылықтар соның ішінде, ұлттық сана басты фактор боп саналады.
Ұлы ойшыл, ғұлама Әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың хас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» — деген ұстанымы қай қоғамда да өзінің мәнін жойған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында Түркі елінің қара шаңырағында өткізілген «Әділетті Қазақстан — Адал азамат» атты ІІ Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек, ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл үлкендердің кінәсі» — дей отыра, Әділетті Қазақстанды құру үшін бүкіл қоғам болып жұмылу керектігін, ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажеттігін, халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиесілі екендігін нақты атап өтті.
Осы орайда Балалар кітапханасы тәрбиенің өзегі — кітап оқытудың алғашқы баспалдағын қалыптастыратын мәдени-рухани орталық. Кітап оқуды бала жасынан дағдыға айналдырмаған баладан рухани кемелденген тұлға күтудің өзі артық екені баршамызға аян жәйт. Семинар-тренингті аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Г. Жеткергенқызы ашып, семинар-кеңеске сәттілік тіледі. Семинар –тренингті аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Г. Аманжолқызы «Ұлттық сананы қалыптастыруда балалар кітапханасы жетекші және маңызды орталық» атты баяндамасын ортаға салды.
Ұлттық тәрбиенің бастауы отбасынан басталатыны белгілі, осы орайда отбасы құндылықтары — ана тәрбиесімен өрбитінін негізге алған «Әжелер мектебі» атты клубтың тұсауы кесіліп, оған ауданымызда қоғамдық істердің басында жүретін бірнеше ана мүшелікке қабылданып, кітапхана атынан «Киіз үй» кәде сыйы табысталды.
Семинар –тренингтің мазмұнын терең ашу үшін «Ұлттық тәрбие — тал бесіктен» атты мюзикл-қойылым ұсынылып, оның өне бойы баланы кітап оқуға неше жастан бастап жетектеген дұрыс деген сауалға жауап іздеу арқылы өрбіді. «Менің алғашқы кітабым — Ертегі» тақырыбында «Балдырған» бала-бақшасының «Ұр тоқпақ» ертегісі желісімен ертегі оқиғасы сахналанды. Ертегі оқып, кітапқа қызыққан баланың келесі оқитын кітабы — шағын әңгіме, повесть болатыны, ол үшін балаларға қандай әдебиеттер ұсынылуы керектігі экран арқылы баяндала отырып, жазушы О. Бөкейдің «Апамның астауы» әңгімесі желісімен көрініс көрсетілді.
Бұл екі шығарманың да таңдалуының өзіндік мәні бар… Біртұтас тәрбие негізі — қоғамға адал азамат тәрбиелеу көзделсе, ұсынылған екі шығарма – балаларды адал болуға, ешқашан өтірік айтпауға, біреуге қиянат жасамауға, шыншылдық пен адалдық адам бойындағы кемел қасиет екенін ұғындырады.
Қойылым барысында өлең оқу үшін — Ұлы Абайдың 180 жылдығы жыр-мүшәйрасындағы жүлдегер өлеңдер таңдалып, оны Ойыл қазақ орта мектебінің оқушылары нақышына келтіре оқып шықты. Ата-бабаларымыз ұлын ұлықты, қызын қылықты қып өсіру үшін, баланың ой-қиялын дамытып отырған.
Ол түрлі ойындармен өрбиді. Қойылымды Ойыл аудандық балалар музыка мектебі «Алақай» кіші және үлкен балалар хоры көрнекті сазгер Е. Хасанғалиевтің «Айым болып тудың ба?» әнімен қорытындылады.
Семинар-тренингті Ойыл қазақ орта мектебінің психологы Т.Сиябаева жалғастырып, келген қонақтар мен әріптестерге сергіту сәтін ұсынып, тамаша көңіл-күй сыйлады.
Сонымен бірге балалар кітапханасының библиографы А. Мәуленова «Ерекше балалармен жұмыс істеудің инновациялық түрлері» атты баяндамасын ортаға салып, кітапхана жанындағы «Шапағат» ерекше балалар клубының іс-тәжірибесін ұсынды.
Кітапханашыларға балалар кітапханасының балалармен ұйымдастырып отырған қызметтерінің ақпараттық жаднамалары арнайы әзірленіп, папка түрінде таратылды. Осы семинар-тренингке арнайы қонақ ретінде шақырылған аудандық маслихат төрағасы С.Займолдин мен «Балдырған» балабақшасының меңгерушісі А.Қаржауқызы бүгінгі семинардың ауыл кітапханашылары үшін берер тәжірибесінің мол болғанын атап өтті.
Семинар-тренинг соңы аудандық балалар кітапханасымен тығыз жұмыс жасап отырған ұжымдарды, ата-аналарды және ауылдық кітапханашыларды марапаттаумен аяқталды.
Семинардың көрнекілік шарасы ретінде “Ана тілі аруы-2025” байқауы ұйымдастырылды. Байқаудың мақсаты — ұлттық тәрбиеге үлес қосу, сұлулық пен инабаттылықтың символы — қыз балалардың ана тіліне деген құрметін арттыру, рухани әлемінің көркем түрде дамуына ықпал ету. Байқауға ауыл мектептері мен аудан басындағы мектептерден 9 үміткер бақ сынасты. Төрт турды қамтыған байқаудың ішінде ұлттық құндылықтарға байланысты сұрақты өрбіту арқылы тіл ділмәрлығы, көркем туынды насихаттау сынды салмақты бөлімдер ұсынылды.
Әділқазы алқасының шешімімен Соркөл орта мектебінің оқушысы Ә. Досбаева “Ана тілі аруы-2025” номинациясын иеленсе, бірінші жүлделі орын Ш. Берсиев атындағы мектептің оқушысы Інжу Есқалиға бұйырды. Ал, екінші жүлделі орынды Ойыл қазақ орта мектебінің оқушысы Айсұлу Жұмабай еншілесе, үшінші жүлделі орынды Ә. Дербісалин атындағы Саралжын орта мектебінің оқушысы Дильназ Серікқали иеленді.
Сонымен қатар басқа да қатысушылар мен жеңімпаздарға аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі атынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Гүлайым АМАНЖОЛҚЫЗЫ,
Ойыл аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі.



