АСТАНАДАН ЖЕТКЕН СЫЙ

Депутаттық мандат – ел сенімі. Ауылының аманатын арқалап, елдің артқан сенімін ақтау үшін және ауылының ауған көшін түзетіп, түтінін түзу ұшыруға тырысып жүрген халық қалаулыларының бірі — аудандық мәслихаттың N6 сайлау округінен сайланған депутаты Назгүл Ешпанова. Ауылда кәсіпкерлікті дөңгелетіп отырған келіншек әрбір сайлаушысының сауалына құлақ түріп, ауылдың әлеуметтік тұрмысын арттыруға атсалысып жүр.
Тәуелсіздік күні қарсаңында бұқара мен биліктің арасында алтын көпір болып отырған Назгүл Қайроллақызына Астанадан ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Құрмет Грамотасын жолдапты.
Жуырда аудан әкімі Асқар Қазыбаев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Сәкен Займолдиндер Астанадан келген сыйды иесіне салтанатты түрде тапсырды. Қашанда қоғамдық шаралардың бел ортасында жүріп, туған жерін түлетуге үлес қосып, қысылғанға қолұшын созып, елдің алдында еңсесін тік ұстаған Назгүлді лайықты марапатымен құттықтаймыз!


