Спорт

ҮЗІЛГЕН ЖАРЫСТЫҢ ЖАЛҒАСЫ

Өткен сенбіде Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Энергетиктер күніне орай мекеме қызметкерлері арасында волейболдан аудандық «Ауыспалы кубок» турнирі ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өткізілді. Бұған дейін кәсіби мерекелері қарсаңында тұрақты өткізіп келген, соңғы бес жылда үзіліп қалған дәстүрлі жарысты энергетиктер биыл қайта қолға алыпты. Аталған спорттық шараға Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Сәкен Займолдин, аудандық электр желісі мекемесінің басшысы Серік Қартбаев қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, спорттың бұқаралық маңызын атап өтті.
Түске дейін екі топта өзара мықтыны анықтаған әуесқой волейболшылар түстен кейін жүлделі орындарды сарапқа салды. Тартысты турнирдің нәтижесінде III орын Ойыл аудандық полиция бөлімі командасына бұйырды. Ал, финалда ғана жеңілген Ж. Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің командасы екінші орынға ие болды. Ал, Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің командасы турнирдің бас жүлдесі мен «Ауыспалы кубокты» иеленді.
Сонымен қатар жарыс барысында үздік ойыншылар анықталып, арнайы номинациялар табысталды. Яғни, ұйымдастырушылар мен төрешілер алқасының ұйғаруымен Арнұр Берікұлы «Үздік қорғаушы» атанса, Нұрлан Ешімов «Үздік байланыстырушы» болды. Ал, Рахат Бақдәулетов «Үздік ойыншысы» атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдар мен Ойыл аудандық электр желісі мекемесінің қаржылай марапатына ие болды.

Related Articles

Back to top button