АУДАН ӘКІМІНІҢ ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ШЫРШАСЫ
Ойыл аудандық мәдениет үйінде білім бөлімінің ұйымдастыруымен оқушыларымызға арналған аудан әкімі шыршасы жоғары деңгейде өтті. Мерекелік көңіл-күйге толы шарада балаларға арналған ерекше жаңа жылдық қойылымды Ойыл қазақ орта мектебінің ұжымы сахналады.

Мереке ертегі кейіпкерлері, Аяз Ата мен Ақшақар қатысқан жарқын театрландырылған қойылыммен басталды. Жаңа жылдық декорациялар мен сиқырлы атмосфера балаларға ерекше қуаныш сыйлады. Қойылымда заманауи кейіпкерлер мен көңілді әуендер таңдалып, түрлі қозғалыс ойындары ұйымдастырылды. Балалар үшін әсерге толы, қызықты сәттер көп болды.
Мерекелік кешке аудан әкімі арнайы қатысып, балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Сонымен қатар балалармен бірге билеп, мерекенің шынайы қуанышын бөлісті. Облыстық мәслихат депутаты, ауданымыздың тұрақты демеушісі Талғат Салфиков жолдаған жаңа жылдық сыйлықтар салтанатты түрде табысталды. Жерлес азамат, меценат, “Аманат” партиясының мүшесі, “Анвар” ЖШС президенті Талғат Маратұлы жаңа жыл қарсаңында балғындардың мерекелік көңіл-күйін көтеру мақсатында оқушыларға арнайы сыйлық жасады.
Оқушыларды қолдап, олардың жүздеріне қуаныш сыйлауды азаматтық парыз деп білетін демеуші бұл игі істі жыл сайын дәстүрге айналдырып келеді. Мұндай қамқорлық пен жанашырлық – өскелең ұрпаққа үлгі болатын, қоғам үшін маңызды қадам. Яғни, Жаңа жылдық қуаныш – игі дәстүрдің жалғасы.
Шара барысында бас кейіпкерлер – Аяз ата мен Ақша қар балалардың алдын ала дайындап келген өнерлерін тамашалап, сыйлықтарын үлестірді. Ал, Аяз атаның қалтасын тәттілерге толтырып, мерекеге демеушілік жасаған ауданымыздың жомарт жандарының бірі – жеке кәсіпкер Күлжамал Әліп.
Шара барысында түрлі ойындар , әндер мен билерден құралған ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Балалар белсенді қатысып, мерекелік әсерлерімен бөлісті. Әр балаға сыйлықтар табысталды.
Балалардың жүзіндегі шаттық пен күлкі – мерекенің басты нәтижесі. Осындай игі шаралар жас ұрпақтың жүрегінде ұмытылмас естелік болып қаларына сенеміз!



