ӘкімдікӘлеумет
Мемлекеттік қызмет-абыройдың айнасы
Кеше ауданымызға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысындағы әдеп жөніндегі кеңесінің мүшелері келді. Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында жергілікті мемлекеттік қызметшілермен кездесіп семинар өткізді. Сапардың мақсаты - мемлекеттік қызметшілердің арасында Әдеп жөніндегі нормаларын сақтау және жол қозғалысы саласындағы құқықбұзушылықтың алдын-алу.
Семинарды ашқан аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы аудандағы мемлекеттік қызметшілердің ахуалымен таныстырып келген қонақтарға сөз берді. Алдымен сөз алған аталмыш агенттіктің облыс бойынша әдеп жөніндегі кеңесінің мүшесі Раукен Отыншин мемлекеттік қызметте қызметтік әдепті сақтау туралы айтты.
Ойыл өңіріндегі ауқымды тарихи шараларға қатысып, жұмыс сапарымен бірнеше рет келгенін жалпы ауданымыздың дамуына жылы лебізін білдірді. «Облыста өткен әдеп жөніндегі кеңестің комиссия отырысында Ойыл ауданының әкімі Дастан Сағыров баяндама жасаған болатын. Онда ауданда мемлекеттік қызметшілердің өрескел құқықбұзушылыққа бармағанын, келеңсіз оқиғалардың жоқтығын айтқан еді. Біз оған қуанып қалдық. Өздеріңіз білесіздер, облысымыздағы кейбір лауазымды мемлекеттік қызметшілердің қолайсыз іс әрекеттері әлеуметтік желіде тарап жатады. Демек ақпараты дамыған заманда барлық нәрсе назардан тыс қалмайды. Мемлекеттік сатып алу немесе жалған кәсіпкерлік арқылы үкіметтен несие алып, субсидия алам деп ұрынып қалмау керек. Әрбір мемлекеттік қызметші қызметіндегі қиындықтарды жеңе біліп, сонымен қатар білім толықтыру курстарына жиі барып тұрғаны жөн. Қазір мемлекеттік қызметке атүсті қарауға болмайды. Кейбіреулер секілді жеңіл ойлап, атүсті қарап «Қызмет қолдың кірі» деп емес, абыройдың айнасы деп білуіміз керек» — деді.
Одан кейін мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының басшысы Руслан Мәжитов Әдеп жөніндегі кеңестің және мемлекеттік қызмет саласын бақылау жөніндегі жұмысы туралы баяндап өтті. Жергілікті полиция қызметінің бастығы Амантай Таласқалиев ауданымыздағы жол қозғалысы саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын-алу және жасалған жұмыстары туралы мәлімет берді. Семинар барысында сыбайлас жемқорлыққа қатысты бейнебаян көрсетіліп, облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Ризагүл Омарова мемлекеттік қызметшілердің әдебі мен мәдениеті туралы айтты. Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелеріне мемлекеттік қызметшілер арасынан сауалдар болып әр саланың өкілдері жауап берді. Семинардан соң мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызметке үміткер жастарға
қабылдау жүргізілді. Онда мемлекеттік қызметке ниет білдірген жастарға мемлекеттік қызметтің талаптары мен сапасы жөнінде айтып, барлық сұрақтары қанағаттандырылды.
Самат НАРЕГЕЕВ,
Ойыл селосы.