Басты тақырып

Жаңа көпір жақсылықтың жаршысы

Ойыл ауданының тұрғындары көктем таяған сайын жаңа көпірдің құрылысына үлкен үмітпен қарап отыр. Өйткені, екі жылдан бері көктемде ауданның «күре тамыры» үзіліп қалғандай болды. Бүгінгі өтіп жүрген уақытша көпірдің нөпір су келсе, шыдас беруі екіталай. Бәрімізде қар ери бастағанынан-ақ, көпірдің құрылысына қарай көз тіктік!

Сондықтан, көптің көкейіндегі сауалға жауап беру үшін аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айбек Жәлеловтен сұрадық.
— Қазіргі таңда Ойыл ауылына кіреберіс автомобиль жолындағы көпірдің қадаларын құю жұмыстары толық аяқталды. 8 тіректің 8-де тұрғызылды. Көпірдің жүріс бөлігіне уақытша қозғалысты қамтамасыз ету үшін плиталар төселіп жатыр. Арқалықтарды қою жұмыстары басталды. Барлығы 56 арқалық объект басына жеткізілді, оның 40-ы орнына қойылды. Көпірдің үстінен уақытша көлік қозғалысын қамтамасыз ету жуық арада жүзеге асырылады. Ал құрылыс жұмыстарын толық аяқтау 2026 жылдың маусым айына жоспарланып отыр.
«Қырық жылда қазан жаңа, елу жылда ел жаңа» деген осы. Бұйыртса, біздің аудан үшін «Ғасыр құрылысына» баланатын көпірдің үстінен өтетін күн де қашық емес. Рас, көктемгі судың беті қайтқаннан кейін көпір құрылысы толық аяқталғанша жаз ортасына дейін уақытша көпірден өте тұруға тура келеді. «Сабыр етсең – ісің оңға асады, шүкір қылсаң – жамандық та қашады», — дегендей, боларына сеніміміз мол!
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Related Articles

Back to top button