Басты тақырыпМәдениет
Мұхиттың «мұрасы» қалықтаған күн
Биыл тұтас бір өңірдің әншілік, жыршылық мектебін қалыптастыруға мұрындық болған халық композиторы, ақын, күйші Мұхит Мералыұлының туғанына 180 жыл. Осыған орай Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің ұйымдастыруымен «Әнші, ақын, композитор-Мұхит Мералыұлы» атты мәдени шара мен тақырыптық көрме өтті.
Мәдени шараны жүргізген музей директоры Балқия Рысбаева Мұхит Мералыұлының өмір жолы мен мұрасын кең түрде баяндады. Шарада Мұхит серінің туған жерінен келген ҚР еңбек сіңірген әртісі, Ғ.Құрманғалиевтің алғашқы шәкірті, белгілі домбырашы Қайдар Өтеғалиев қонақта болды. Қайдар атамыз өзінің ұстазы болған Ғарифолла Құрманғалиев сыйға тартқан домбырасымен Мұхиттың «Үлкен айдай» әнін шырқап, Мұхит өмірі, естеліктері, оның шығармаларының шығу тарихын жеткізді. «Алуаш», «Зәуреш», «Айнамкөз» басқа да әндерін орындап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Ғарифолла Құрманғалиевтің ақтық демі жақындағанда жазған өленің өз қолымен жазып алып келген. Мұхиттың орындалып жүрген шығармаларының бірқатарын қағаз бетіне түсірілген нұсқасын, өзінің өнер саласында жүрген кездегі жарнамалық парақтарын музей қорына тарту етті. Жиын барысында Мұхит Мералыұлы туралы бейнебаян жұртшылықтың назарына ұсынылды.
Ойылдың серісі атанған ҚР мәдениет қызметкері, жыршы-термеші Амангелді Рамазанұлы да жиынға қатысып Мұхит Мералыұлының «Ойыл жәрмеңкесінде» ән салғанын тілге тиек етіп, ән шашуын тарту етті. Шара соңында дәстүрлі ән классының жетекшісі Теңел Омаров әннен шашу шашса, Қайдар атамыздың шәкірті Самал Сатыбалдина жүрек жарды тілегін жаудырды. Музей ұжымы келген қонамызға сыйлығын табыстап, өнерге жаны ашитын көрерменге ризашылықтарын білдірді.
«Мұхит әндері ғасырлардан-ғасырларға, өмірден-өмірге әлі талай жылдарға ұласады. Оның керемет әндері тыңдаушы қауымның жүрегінен жоғалмайтындығы, жаңғыра берері сөзсіз. Оның өлмес мұрасын насихаттау арқылы біз мәңгілік елге бағыт ұстап, алға баса береміз!»- деп сөзін қорытындылады.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.