
Ойыл ауданында мәслихат депутаттарының сайлаушылармен кездесуі жоспарлы түрде жалғасуда. Кезекті кездесу «AMANAT» партиясының «Көкжар-керуен» бастауыш партия ұйымы мүшелерімен өтіп, онда аудандық мәслихат төрағасы Сәкен Займолдин, аудандық мәслихат депутаттары, сондай-ақ партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркін Жиеналин, депутаттар Жангүл Ізғарина мен Өркен Ақеділов қатысып, атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Аталған бастауыш партия ұйымы аудан көлеміндегі белсенділігімен ерекшеленеді. Құрамына бірнеше партиялық топтарды біріктірген ұйымның қатарында мемлекеттік қызметкерлер, мәдениет және білім беру саласының өкілдері бар. Бұл өз кезегінде қоғамның түрлі салаларын қамтып, өзекті мәселелерді жан-жақты талқылауға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында депутаттар өздерінің сайлауалды бағдарламаларының орындалу барысына тоқталып, сайлаушылар алдында берген уәделерінің жүзеге асырылу деңгейін баяндады. Халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік мәселелерді шешу, инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылған жұмыстар нақты мысалдармен келтірілді.
Аудандық мәслихат төрағасы Сәкен Займолдин өз сөзінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына кеңінен тоқталды. Ол инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы, инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстар және осы процестердегі депутаттардың ықпалы туралы жан-жақты айтып өтті. Аудан экономикасының негізгі көрсеткіштері, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бастамалар мен жобалар да назардан тыс қалмады.
Депутат Жангүл Ізғарина өз баяндамасында депутаттық қызметі аясында атқарылған жұмыстарды жүйелеп, алға қойған міндеттері мен мақсаттарының орындалу барысына тоқталды. Сонымен қатар, сайлаушылар алдында берген уәделерінің орындалу деңгейін нақты мысалдар арқылы жеткізіп, тұрғындармен кері байланыстың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Еркін Жиеналин «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы Жол картасының орындалу барысын баяндады. Ол аудан көлемінде белгіленген көрсеткіштердің кезең-кезеңімен орындалып жатқанын атап өтіп, партияның негізгі мақсаты – халықтың сенімін ақтап, нақты нәтижеге қол жеткізу екенін жеткізді.
Кездесу ашық форматта өтіп, қатысушылар өз ой-пікірлерін еркін білдірді. Жиын барысында медицина, білім беру, әлеуметтік қолдау және инфрақұрылым салаларына қатысты бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, ұсыныстар назарға алынды.
Мұндай кездесулер халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, ашық диалог орнатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыруға жол ашады. Ойыл ауданында бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.








