
Ойыл аудандық балалар музыка мектебінде «Қамқор» отбасын қолдау орталығының бастамасымен «Бірлек пен қолдау орталығы» аясында «Отбасы құндылығы – ұлт байлығы» атты ашық есік күні ұйымдастырылды.
Тұрғындарды отбасын қолдау орталығының қызметімен таныстыру, психологиялық және құқықтық кеңес беру, отбасылық жанжалдардың алдын алу, сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау түрлері туралы жан-жақты ақпарат ұсыну мақсат еткен іс шараға аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлеймен, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту саласының мамандары, медиаторлар, психологтар, заңгерлер, қоғамдық ұйым өкілдері және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Ойыл аудандық филиалының мамандары қатысты. Ашық есік күні аясында тұрғындарға жеке қабылдау ұйымдастырылып, олардың көкейіндегі сұрақтарға жауап берілді. Қатысушылар әлеуметтік қолдау шаралары, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, құқықтық мәселелер, отбасылық қарым-қатынасты нығайту жолдары бойынша кеңестер алды.
Сонымен қатар «Сіз жалғыз емессіз – біз бірге қолдау көрсетеміз» атты сенім қабырғасы ұйымдастырылып, тұрғындарға ақпараттық буклеттер мен жадынамалар таратылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер отбасы институтын нығайтуға, қоғамдағы өзара түсіністік пен бірлікті арттыруға, сондай-ақ қиын жағдайға тап болған азаматтарға дер кезінде қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Г.АБАЙҚЫЗЫ



