ӘлеуметМәдениет

АТА РУХЫНА ТАҒЗЫМ — ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ!

«Өлі разы болмай, тірі байымайды». – Халық даналығы.

Тарихын қадірлеген елдің тамыры терең, рухы биік. Ата-баба аманатына адалдық танытып, олардың ерлігі мен елге сіңірген еңбегін ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы. Осы игі дәстүрдің жалғасы ретінде Ойыл ауданының Қаратал ауылында XVIII ғасырда өмір сүрген «Ебескінің үш бөрісі» атанған Алтай, Құттығай және Жұлдыз Ебескіұлдарының рухына арналған үлкен көлемдегі ас беріліп, елдің бірлігі мен рухани тұтастығын айшықтаған тағылымды шара өтті.
Жеті ақшаңқан киіз үй тігіліп, алыстан ат терлетіп келген ағайынның басын қосқан бұл асқа Астана мен Алматы қалаларынан, сондай-ақ Ресей Федерациясынан Жұлдыз кете Ебескіұлының ұрпақтары арнайы келіп қатысты. Басқосу барысында ата-бабаларының рухына Құран бағышталып, олардың ел мен жерді қорғаудағы жанқиярлық ерліктері мен халқына сіңірген өлшеусіз еңбектері кеңінен насихатталды. Ағайынның басын қосқан бұл тағылымды жиын ұрпақтар сабақтастығының, елдік пен бірліктің жарқын көрінісіне айналды.
Осы игі шара аясында тоғыз жолдың торабы тоғысқан Қобда өңірінде «Ебескінің үш бөрісі» атанған Алтай, Құттығай және Жұлдыз Ебескіұлдарына еңселі ескерткіш орнатылды. Бұл – батыр бабалардың рухына көрсетілген зор құрметтің белгісі. Игі бастаманың жүзеге асуына ұйытқы болып, ел азаматтарын бір мақсатқа жұмылдырған кәсіпкер, қажы Сағынай Бақытжанұлының еңбегі ерекше. Сонымен қатар осы сауапты іске қаржылай қолдау көрсеткен Қобда ауданына қарасты Ортақ ауылының тумасы Бақытжан Жәкенұлының азаматтық жанашырлығы мен туған жерге деген қамқорлығын да ерекше атап өткен жөн. Осындай елжанды азаматтардың арқасында тарихымыз жаңғырып, батыр бабалардың есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталмақ.
Ас аясында қазақ халқының төл дәстүрін дәріптеген ұлттық спорт түрлерінен кең көлемді жарыстар ұйымдастырылды. Түйе палуан-қазақ күресі, қол күрес, арқан тарту, қошқар көтеру секілді сайыстарға еліміздің әр өңірінен келген спортшылар қатысып, бақ сынады. Жеңімпаздарға қомақты ақшалай сыйлықтар мен бағалы жүлделер, соның ішінде жылқы табысталды. Ұлттық ойындар көпшіліктің қызығушылығын арттырып, жастарды батылдыққа, намысшылдыққа және салт-дәстүрді құрметтеуге үндеді.
Жиын барысында ел ағаларына шапан жабылып, аналарымызға ақ жаулық тағылды. Бұл – қазақ халқының үлкенге құрмет, анаға ізет көрсету дәстүрінің айқын көрінісі болды.
Шараның шырайын аша түскен ерекше сәттердің бірі – өнер кеші болды.
«Тарыдан тау көтерген Шығанағы,
Бұл жердің Омар ата – ұлы адамы.
Ауылын сағынғанның жүрегінде,
Жолдыбай Айтқұловтың тұрады әні…» –
деп жыр жолдарын тебірене оқыған жиын жүргізушісі, ауылдың төл перзенті Ербол Ерсұлтанұлы көпшіліктің ықыласына бөленді. Артынша жерлес сазгер Жолдыбай Айтқұловтың туған жерге деген сағынышқа толы «Ойылым» әні шырқалып, киіз үйлерге жиналған жұрттың көңілін ерекше тебірентті. Әуелеген әсем ән алыстан ат терлетіп келген ағайынның жүрегіне туған жерге деген сағыныш сезімін ұялатып, рухани кештің сәнін кіргізді. Ән мен күй үндескен бұл сәт мерекенің ажарын аша түсіп, көпшілікке ұмытылмас әсер сыйлады.
Бұл ас – жай ғана ағайынның бас қосуы емес, өткен мен бүгінді жалғаған, ұрпақ санасына тарих пен тағылымды сіңірген үлкен рухани мереке болды. Батыр бабалардың рухына тағзым етіп, олардың өнегелі өмір жолын ұлықтаған бұл игі шара елдің ынтымағы мен бірлігін нығайтып, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыра түсті. Осындай тағылымды басқосулар ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, өскелең ұрпақты елін, жерін, тарихын қастерлеуге тәрбиелей беретіні сөзсіз.

Рақима САҒАТОВА,

Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық кітапханасының кітапханашысы.

 

Related Articles

Back to top button