ӘлеуметЭкономика

ОЙЫЛ КӘСІПКЕРЛЕРІ АҚТӨБЕ ТӨРІНДЕ

Өткен аптаның ортасында аймақта «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының өңірлік кезеңі өтті. Байқау қорытындысы бойынша тоғыз жеңімпаз анықталды. Олар жыл соңында Астанада өтетін республикалық кезеңде облыс намысын қорғайды.

Өнер орталығында өткен көрменің ашылу рәсіміне облыс әкімі Асхат Шахаров, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин, сондай-ақ даму және қаржы институттары мен бизнес қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын байқау отандық кәсіпорындардың өз өнімдерінің сапасын таныстырып қана қоймай, жаңа іскерлік байланыстар орнатуына, әлеуетті серіктестер тауып, өткізу нарығын кеңейтуіне мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналды.

Көрмеде өңірдің 80-нен астам кәсіпорны мен шағын кәсіп иелері құрылыс индустриясы, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және басқа да салалардағы өнімдерін ұсынды. Келушілер отандық тауарлармен танысып қана қоймай, оларды өндіруші бағасымен сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясындағы көрмеге Ойыл ауданының кәсіпкерлері де қатысып, табиғи әрі сапалы өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.
Ш. Берсиев ауылдық округінен Асем Аранжанова Ойылдың брендіне айналған дайын тары, талқан және женттің бірнеше түрін таныстырды. 2021 жылдан бері Ойыл өңірінің брендіне айналған табиғи тары мен тарыдан дайындалатын ұлттық өнімдерді өндірумен айналысады. Биыл ол алғаш рет «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысып отыр.

Кәсіпкердің өнім түрлеріне дайын тары, талқан және женттің бірнеше түрі кіреді. Барлық өнімдер табиғи шикізаттан дайындалып, ұлттық дәстүр мен сапаны ұштастырады. Бүгінде бұл өнімдер Ойыл ауданында ғана емес, Ақтөбе облысының тұрғындары арасында да жоғары сұранысқа ие. Тары – тағамдық құндылығы жоғары, пайдалы дәнді дақыл. Ол көмірсуларға бай болғандықтан ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар құрамында ақуыз, жасұнық, В тобының дәрумендері, темір, магний және фосфор сияқты маңызды минералдар бар. Тары ас қорыту жүйесінің қалыпты жұмысына ықпал етіп, ұзақ уақыт тоқтық сезімін сақтауға көмектеседі. Табиғи түрде глютенсіз болғандықтан, глютенді тұтына алмайтын адамдар үшін де қолайлы тағам.

Осы көрмеде табиғи сүт өнімдерінің кең ассортиментін ұсынған

Саралжын ауылдық округінен Қызғалдақ Сапарова 2022 жылдан бастап «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында тауарлық несие алып, өз жеке кәсібін бастаған. Тауарлық несиеге 10 бас мүйізді ірі қара мал алып, сүт өнімдерін өндіріп тұтынушыларына ұсынды. Атап айтқанда қаймақ, сары май, балқаймақ, ірімшік, құрт, қайнатылған құрт, сарысу, майқұрт, айран, брынза, чечил өндіріп шығарып, аудан халқын қамтамасыз етіп, облыс орталығына сұраныспен жеткізіп қызмет көрсетіп отыр.

Сарбие ауылдық округінен барған Еркебұлан Сиражов жылқы саумалынан дайындалған тіл үйіретін бал қымыз бен ысталған қымызды көрме қонақтарына ұсынды. 2019 жылдан бері бие сауып қымыз өндірісін дамытып келе жатқан Еркебұлан Мұханбетжанұлы «Бір ауыл — бір өнім» жобасына алғаш рет қатысып отыр. Кәсіпкердің негізгі өнімдері — Сираж саумалы, Сираж қымызы( ысталған), Сираж балқымызы. Қымызды күнделікті Ақтөбе қаласы, Ойыл өңіріндегі ауылдарға ұсынады. Жоба толықтай кәсіпкердің өз қаражатына жүзеге асырылған.

Көрме қорытындысы бойынша арнайы комиссия 20 үздік өнімді іріктеп, жартылай финал кезеңіне жолдама берді. Биыл Ойыл ауданының атынан қатысқан кәсіпкерлер жартылай финалға өте алмағанымен, бұл байқау олардың тәжірибе жинақтап, өзара пікір алмасуына үлкен мүмкіндік болды. Алдағы жылы тың идеялар мен сапалы өнімдерін ұсынып, жоғары нәтижелерге қол жеткізеді деген сенімдеміз.
Көрмеге қатысқан барлық кәсіпкерлердің еңбегі жоғары бағаланып, олар арнайы алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл селосы.

 

Related Articles

Back to top button